Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекеттік ту, елтаңба және олардың бейнелерін пайдалану туралы қаулыға түзетулер енгізді. Енді қазақстандықтарға туды ғимараттың қасбетіне және балконға ілуге рұқсат етіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ғимараттарда (тұрғын үй және тұрғын үй емес орын-жайларда), соның ішінде балкондар мен салтанатты шаралар өтетін орындарда патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, ел мен оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады», – делінген құжатта.
Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдайтынын айтты.
Мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамада туды пайдалануға қатысты шектеулер барын атап өтті.
«Мысалы, пәтер балконына немесе үй қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет», – деді Тоқаев Twitter парақшасында.
Бұған дейін қазақстандықтар "Мен туымды мақтан етемін" флешмобын ұйымдастырған болатын. Ол атышулы "Борат-2" фильмінің шығуына байланысты қолға алынды. Фильмге Қазақстан туын пайдаланып, жарнама жасалуы халық наразылығын тудырды.
Британдық комик Саша Барон Коэн "Борат" және "Борат-2" фильмінде неге Қазақстан атын пайдаланғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл – комедия, фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қазақстанды АҚШ-та ешкім білмейтін болған соң таңдаған. Коэн нағыз Қазақстан – заманауи, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел екенін айтып ақталды.