Іріктеудің 3-кезеңі аяқталды
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің 3-кезеңі аяқталды. Биыл жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке орналасуға республика бойынша 6 мыңнан астам адам өтініш білдірген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың арасындағы 244 үздік іріктелді. Бұған дейін құжатын онлайн тапсырған үміткерлер енді 4-кезеңге қатысу үшін Астана қаласына барады. Арнайы комиссияның қабылдауынан өтіп, сұрақтарға жауап беруі тиіс. Олардың арасынан 50 маман іріктеліп, кадрлық резерке қойылады. Кейіннен еліміздің түрлі өңірінде босаған жоғары лауазымды қызметке конкурссыз тағайындалады.
Еске салайық, бұл бастаманы 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев енгізген болатын.
– Үміткерлерге қойылатын талап жеңіл: 35 жастағы ҚР азаматы қазақ тілін білу деңгейі В1-ден төмен болмауы керек. Еңбек өтілімі 5 жыл, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басқарма басшысының міндетін атқарушы Алмат Тасов.
Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға Алматы қаласы бойынша 273 адам өтінім берген. Олардың арасында түрлі сала өкілі бар. Олар алдымен мәтіндік және сандық тапсырма бойынша бақ сынайды. Құжаттары талапқа сай және жоғары балл жинаған 37 үміткер 4-кезеңге жолдама алды.
– Қазір мемлекеттік қызметтемін. Бес жылдық стажыммен кадрлық резервке өтіп тұрмын. Мемлекеттік қызметші алдымен халықтың алдында жауапты болуы керек. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жұмыс істеп жүрміз, – деді Президенттік жастар кадр резервіне үміткер Абылайхан Баетов.
– 2012 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. 11 жылдан бері осы Алматы қаласында жұмыс істеп жатырмын. Бағымызды сынап, қатысып жатырмыз. Бұл Президенттің жастарға беріп отырған мүмкіндігі деген ойдамын, – деді Президенттік жастар кадр резервіне үміткер Әділет Тоқтасынов.
Оқи отырыңыз: Ерлан Қошанов несие беру тәртібін қатаңдатуды талап етті