Нұр-Сұлтандағы №3 көпбейінді қалалық аурухананың перзентханасында салмағы 5,8 килограмм сәби дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik-ке сілтеме жасап.
Медицина қызметкерлері Исатай батыр деп атап кеткен сәби 4 тамыз күні өмірге келді. Туған кездегі бойы – 63 см. Ол отбасындағы үшінші бала – кішкентай батырдың әпкесі мен ағасы бар.
30 жастағы әйел жүктіліктің 39 аптасында табиғи түрде босанды, деп хабарлады №3 аурухана.
"Қиын болды, бірақ мен перзентхана дәрігерлеріне дән ризамын. Жанымда бірнеше маман болды, маған қолдау жасап, жағдайды бақылап отырды. Керек десеңіз, жанымда перзентхана және босанғаннан кейінгі бөлім меңгерушілері де тұрды", - дейді нәрестенің анасы.
Ана мен баланың жағдайы жақсы, жақын күндері үйіне шығады.