|
Qoǵam
24.09.2020 | 19:19

Алматыда ит пен мысықтарды тегін кастрациялау бағдарламасы басталды

Бағдарлама шеңберінде 3320 ит пен мысық қамтылмақ

Алматыда ит пен мысықтарды тегін кастрациялау бағдарламасы басталды almaty.tv

Алматыда иттер мен мысықтарды тегін кастрациялау бағдарламасы басталды. Оған қатысу үшін үй жануарының иелері алдын ала ветеринарлық клиникаға хабарласып, өтінім беруі керек. Негізгі құны 16 мың теңге тұратын ота неге тегін жасалып жатыр? Шара қашанға дейін жалғаспақ? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы тарқатсын.

«Алматы қаласының серіктес-үй жануарларының әл-ауқаты 2017-2020» жол картасы аясында кастрациялау отасы тегін жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – иесіз ит пен мысықтар санын ізгілікті жолмен реттеп отыру. 2017 жылдан бері 30 мыңға жуық ит-мысыққа тегін кастрация жасалған. Аталмыш бағдарлама бойынша  бүгінде 6 клиника жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта тағы екеуі қосылады деп жоспарлануда.

«Бұл бағдарлама ең алдымен иесіз ит-мысықтардың санын ізгілікті реттеп отыруға бағытталған. Көп адамдардың кастрациялау отасын жасатуға мүмкіндігі жоқ. Аталған бағдарлама жайлы ести сала көп адамдар хабарласып, кейіннен өздерінің ризашылығын білдіріп жатады», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының баспасөз хатшысы Анель Қабиева.

Бағдарламаға қатысу үшін үй жануарының иелері алдын ала ветеринарлық клиникаға хабарласып, өтінім тастауы тиіс. Ал иесіз ит-мысықтар үшін мұндай жұмыстарды еріктілер жүргізе алады. Бастысы, олардың жас шамасы 9 айдан 9 жасқа дейін болуы керек. Сондай-ақ, ота жасалғаннан кейін  24 сағат бойы дәрігер қарауында болғаны шарт.

Бұл бөлмеде отадан алдыңғы қарау жұмыстары жүргізіліп, түрлі екпелер жасалды. Мал дәрігерлері үй жануарларын мұқият қарағаннан кейін қажетті ем шараларын жүргізеді. Содан соң ота күнін белгілілейді.

«Үш күн ішінде біздің клиника өзімізге тиесілі барлық 415 ит пен мысықты тіркеді. Бұл – кастрациялау отасының сұранысқа ие екенін көрсетеді. Негізінен, бұл клиника көрсететін қызмет түрлері ішінен ең күрделісі болып саналады. Бірақ біз үй жануарлары өздерін жақсы сезінуі үшін барлық жағдай жасауға тырысамыз», – деді ветеринарлық клиника директоры Татьяна Джаямбаева.

Ит пен мысық асырайтындар бұл бағдарламаның дер кезінде  іске қосылғанын айтады. Себебі жануардың иесі болған күнде де олар көбейген кезде барлығына бірдей қарау қиын. Аталмыш бағдарлама бүгінгі өзекті мәселе – иесіз ит-мысықтарға қатысты бұзақылықтың азаюына да ықпал етеді деген үміт ұялатады.

«Мен жануарларды қорғау бірлестігінің басшысы ретінде бұл шешім өте дұрыс деп санаймын. Себебі қазіргі қоғамда жануарларға қатыгездік танытып жатқандар көп. Әсіресе, иесіз ит-мысықтарға. Ал дәл осы кастрациялау отасы олардың санын арттырмау үшін жасалып жатқан іс. Әкімдік ұсынып отырған бағдарламаны қолдаймын», – деді қоғамдық бірлестіктің басшысы Сергей Снегерев.

Жыл соңына дейін жалғасатын мемлекеттік бағдарлама аясында 3320 ит пен мысық қамтылмақ. Яғни, әр ауданға шаққанда 415-тен келеді. Биыл бұл бағдарламаға бюджеттен 52 миллион теңге бөлінген.

Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» арнасы

Bólisý

‡агрузка...

Прямой эфир
Жаңалықтарды қалт жібермеңіз!