Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Birgemiz» қоры таяу уақытта біржолғы атаулы көмек көрсетудің төртінші кезеңін ұйымдастырады, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның сөзінші, біржолғы атаулы көмек көрсетудің төртінші кезеңінде ауылдық елді мекендеріндегі аса мұқтаж 80 мың отбасы көмек алады.
«Құрметті достар! Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Birgemiz» қоры таяу уақытта біржолғы атаулы көмек көрсетудің төртінші кезеңін ұйымдастырады. Елбасының бастамасы бойынша көмек Қамқоршылар кеңесінің шешімімен еліміздің ауылдық елді мекендеріндегі аса мұқтаж 80 мың отбасыға бағытталады. Тұңғыш Президенттің үндеуіне қолдау білдірген ақжүрек меценаттарымыздың арқасында қорға 28 миллиардтан астам қаражат жиналды. 23 ірі қалада, сондай-ақ оларға іргелес шағын қалалар мен ауылдарда 470 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден алды», – деп жазады ол.
Сонымен қатар, материалдық көмек коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерін қолдауға және әлеуметтік жағынан әлсіз 100 мың отбасыны тегін маскамен қамтамасыз етуге бағытталатынын жеткізді. Партия төрағасының бірінші орынбасары Мақтаарлда салынып жатқан үйлердің құрлысы шілде айының ішінде аяқталатынын айтып, жағымды жаңалықты бөлісті.
«Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су басудан зардап шеккен Достық ауылының тұрғындарына арнап салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысы биылғы шілде айының ішінде-ақ аяқталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн-форумында атап көрсеткендей, ынтымақтастық, қажырлылық және жанашырлық – халқымыздың дәстүрлі құндылықтары. Төл тарихымызда ұшырасқан аса ауыр сынақтарды еңсеруде де нақ осы қасиеттер көмектескен болатын. Баршамызға ортақ ауыртпалықпен күресте біздің бірлігіміз бұдан да бекем бола түспек. Енді қоғамымыздың жаңа ұраны – «Біз біргеміз», – деп жазды Б. Байбек.