«Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Бүгін осындай атаумен Думан ықшам ауданында жергілікті әкімдік өкілдері халықпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шараның мақсаты - мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтар арасындағы байланысты нығайтып, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Жиында тұрғындар тарапынан жылу мен жарыққа, жол сапасы мен кәріз құбырына қатысты мәселе көтерілді.
«Аулаға көлік кіретін жолды өзіміз ақша төлеп жасатқанбыз. Орталық кәріс құбырын қазғандар бетонды, кірпіштерді алып тастады. Өзіміз жасап береміз деп еді, аулада ашық қалды», – деді қала тұрғыны Айтақын Әбдіхалық.
Халықпен көшпелі кездесулер өткізуді әкімдік қызметкерлері жиілетпек ниетте. Ендігі басқосу 22 сәуір күні сағат 11-00-де Жібек жолы мен Пушкин көшелерінің қиылысында өтпек.
«Президенттің жарлығы бойынша халықпен кездестік. Шағын ауданда қандай сұрақтар бар, соны тыңдап, шешу үшін осындай кездесу ұйымдастырып отырмыз», – деді Медеу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Берік Солтанбаев.