Екі сағатқа жуық созылған жиыннан кейін президент бастаған делегация қаладағы бірнеше нысанды аралады. Алматы үшін маңызды саналатын бағыттар мемлекет басшысына таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев студенттерге арналған қызмет көрсету орталығы, кәсіпкерлер мен стартап жобаларға жасалып жатқан жағдайларға қандай баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдымен Президент инвестиция үйіне ат басын бұрды. Мұнда шетел мен отандық инвесторларға қызмет көрсетіледі. Яғни, бизнеске қаражат саламын дейтіндер осы жерден келіп кеңес ала алады. Мамандар кәсіпкерлерге келісімшарт жасағанға дейін құжат жағынан толықтай көмектесіп отырады.
«Шетелден келсе инвестор немесе отандық инвестор болса, біз олардың жобаларын қараймыз. Оларға мысалы жер керек болса, біз жобаны қарап өндіру жағы болса сол жобаға сәйкес жер бөліп береміз», – деді «Алматы инвест» АҚ менеджері Алияр ХАЛИЛОВ
Инвестиция үйінде кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Қолдау кәсіпкерлік орталығы бизнесін жаңадан бастаймын дейтін адамға жөн сілтейтін орын. Яғни, мұнда 15 мемлекеттік орган бір жерге топтастырылған. Кәсіпкер жан-жаққа сабылмай, барлық жұмысын осы жерде бітіреді.
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған орталықтарды аралап көрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған бастамалардың табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді. Әрмен қарай Президент Тех гарден инновациялық кластер орталығының жұмысымен танысты. Мұнда 284 ұйым біріктірілген. Олардың қатарында 23 жоғары оқу орны, 25 ғылыми зерттеу орталығы, 2 технопарк, 1 даму институты, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына қарасты 166 компания, 1 бірлескен инвестициялық қор және 66 ұйым бар.
«Өздеріңіз білесіздер, Алматы – ілгері дамып келе жатқан қала. Цифрлы Қазақстан бағдарламасы бойынша біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлына осы кластердің жұмысы таныстырылды. Яғни, 3-4 жылда бір адамның идеясы бірнеше миллиондық табыс түсіретін компанияға айналғанын көрсеттік. Мемлекет басшысының көңілінен шыққан секілді. Осы қарқынмен біз жұмысты жалғастыра береміз», – деді автономдық «Tech Garden» кластерінің бас директоры АСҚАР СЕМБИН
Жалпы стартап қазақстан бағдарламасы бойынша 96 жоба мақұлданып, қаржыландырылған. Оның қырығы дәл осы тех гарден инновациялық кластерінде жүзеге асып жатыр. Бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы аумақты аралап жұмысымен танысты. Сонымен қатар үш жоғары технологиялы лабаратоияны көріп, оң бағасын берген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің балаларға арналған белсенді оңалту және ерте жастан қолдау орталығына барды. Мұнда мүгедек балалар мен қимыл-тірек аппаратында ақауы бар 18 жастан асқан адамдар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев оңалту бөлмелерін аралап көріп, қызметкерлермен тілдесті. Президенттің айтуынша, мұндай мекемелерді мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында және демеушілердің қаржысына ашу қажет. Нысанмен танысу соңында Мемлекет басшысы Орталыққа арнайы жабдықталған шағын автобус тарту етті. Ал, 4-ші нысан жоспар бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еді. Қасым-Жомарт Тоқаев ондағы «Керемет» атты студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Айта кетейін, президенттің Алматыға сапары 2 күнге созылады.