Алматыда әл-Фараби даңғылы бойында (Меңдіқұлов пен Достық көшелерінің арасында) «Алматы – Адалдық Алаңының» аясында «Өз еліңді бұзба» муралы салынды, деп хабарлайды Almaty.tv Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаны қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, белсенділер мен қоғам қайраткерлері қолдады.
Бұл композиция азаматтарды адамгершілікке тәрбиелеуге, адалдық, әділеттік және сатылмаушылық қағидаларын сіңіруге арналған.
Муралдың тұсаукесеріне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты.
«Жұмысты алдын алуға және парасаттылық жүйесін ілгерілетуге, адал және парасатты ұрпақ тәрбиелеуге, халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға бағыттау керек. Азаматтарды тыңдап, оған құлақ асып, кез-келген мәселеге жедел ден қою қажет», – деп Алик Шпекбаев жобаның маңыздылығын атап өтті.
«Мұндай іс-шаралар халықтың санасын өзгертуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, адамгершілігі мол ұрпақ тәрбиелеуге арналған», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Нығмеджан Сапаров.
«Муралға қарасаңыздар пара берушінің мойнында және қолында шынжыр байланған. Бұл дегеніміз – пара берген адам бір күні болмаса, бір күні осылай кісенделеді. Осы сурет арқылы жемқорлықсыз біздің болашағымыз жарқын дегенді айтқым келеді», – деді суретші Жұмаділ ЕЛУКЕНОВ.
Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жобаның бастамашысы ретінде азаматтарды жемқорлықпен бірлесіп күресуге шақырды. Әр қазақстандықтың бұл іске атсалысуы құқықбұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында елдегі жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.