Маңғыстауда қос алаяқтың ісі сотта қаралып, үкім шықты. «Қытай зауытынан арзан тауар алып беремін» деп халықты сан соқтырып кеткендер жұрттың 2 миллиард 8 миллион теңгесін жымқырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осындай желеумен Нұргүл Аманова мен оның танысы 300-ге жуық адамды алдаған. Олардың құйтырқы істері сотта толығымен дәлелденді. Талайды тақырға отырғызған екі әйел «Алаяқтық» және «Қылмыстық жолмен иемденген ақшаны заңдастыру» бабы бойынша жаза арқалады. Нұргүл Аманова 2021 жылдан бері whatsАpp мессенджерінде 25 топ ашып, сол арқылы арзан тауарды жарнамалап отырған. Ал әр топқа тапсырыс жинау үшін таныстарын әкімші етіп қойған. Осылайша азамат жәбірленушілердің ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техникалар үшін жіберген ақшасын иемденіп, қажеттіне жұмсап жүрген. Ал ол қаражатқа жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алғаны сот барысында анықталды.
– Соттың үкімі бойынша А. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен, 218-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, Қылмыстық Кодекстің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес түпкілікті мүлкі тәркіленіп 9 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Б. Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің талап-арыздары толық қанағаттандырылды, – деді облыстық соттың баспасөз қызметі басшысы Заманбек Исмаил.
Оқи отырыңыз: Әскери қоймадағы жарылыс: кінәлі деп танылған сарбаздар өтемақы төлейді