|
15.11.2023 | 15:53
1858

Сапасыз жол: желге ұшқан мемлекет қаржысын кім өтейді

Петропавлда жаңадан салынған тасжол жарамсыз болып шықты

Сапасыз жол: желге ұшқан мемлекет қаржысын кім өтейді Сурет: Аlmaty.tv

Петропавлда мемлекет қаржысына салынған тасжол жарамсыз болып шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

6 көше зертханалық сынақтан өтпей қалған. Облыс орталығында осыдан 1 ай бұрын ғана төселген асфальт опырылып түскен.

Петропавлда жуырда ғана жөндеуден өткен Сәтбаев көшесіндегі жолдың сапасы сын көтермейді. 280 млн теңге бөлінген шаруа талапқа сай орындалмаған. Жөндеуді қайта жүргізу үшін көше тағы жабылып, халықтың қатынауы қиындай түскен.

– Жөндеу жұмыстарына наразымыз. Өйткені қозғалыс қиындайды, қазылған жерлермен жаяу жүру оңай емес. Бұл шаруаға біздің бюджеттік ақшамыз жұмсалатындықтан ашу тудырады. Бәрі біткендей болып көрінеді.Кейін тағы қазып жөндеп жатады. Меніңше бұл дұрыс емес, -  дейді қала тұрғыны Ирина Ануфриев.

– Жаз бойы жол жөндеушілер түнделетіп жұмыс істеді. Сапасыз жолдың кесірінен қаншама ақша желге үшты, - дейді қала тұрғыны Шолпан Мұқашева.

Облыс орталығында талапқа сай келмейтін 6 жол анықталды. Оның ішіне Ухабов, Батыр Баян, Кошуков, Байболов, Малое және Сәтбаев көшелері кіреді.

– Зертханалық сынақ пен сараптама нәтижесінде сапа орталығының бөлімшесі «Грандо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізіп жатқан жұмыстарын талапқа сай еместігін анықтады. Тапсырманың толық аяқталмауына байланысты Потанин көшесінде орташа жөндеу жұмысын жүргізген «Арнай-Құрылыс» мердігерлік ұйымы жауапсыз қатысушы деп танылды. Іс сотқа жіберілді, - дейді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еркін Елеусізов.

Жауапсыз мердігерлердің кесірі қарапайым халыққа тиіп жатыр. Жолдар қайта жабылып, жаңадан төселіп жатыр. Қалалық әкімдіктегілер олқылықтың орнын толтыру үшін жауапты мекеме жол төсемін өз қаражаты есебінен келесі жылдың 25 мамырына дейін қалпына келтіруге міндеттелді.

– Алда қыс келе жатыр, аяз болады. Демек, асфальт одан сайын бұзылады. Бұл шаруа көктемге, жазға дейін созылайын деп тұр. Неге олқылық дер кезінде түзетілмеді? Осы күнге дейін ауа райы қолайлы болды. Асфальтты ауыстырып үлгеруге болатын еді. Сапасыз орындалған жұмысты қайта жасасын. Мердігер өз қаражатынан 10 рет қайта жасаса да, жол тиісті деңгейде болуы керек. Олар түзетуге міндетті, бұл - солардың кінәсі, -  дейді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

Бүгінде 47 көше бойынша жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл шаруаға 6,8 млрд теңге бөлінген. Айта кетейік, келесі жылы облыс орталығының 48 көшесін орташа жөндеу үшін қосымша құжаттама әзірленбек. Жасалатын жолдардың жалпы ұзындығы 44 шақырымнан асады.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, "Алматы" телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан.

Оқи отырыңыз:Алматы - Қорғас тасжолында жол апаты болды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир