Бүгін Алматы қаласында Денис Теннің өліміне қатысты сот жарыс сөзінде марқұмның анасы күдікті Нұралы Қиясовқа мінездеме беріп, оның отбасы туралы айтып берді. Айтуынша, тек Қиясов емес, оның ағасы да бұған дейін істі болған. Ол топтық зорлауға қатысты деп айыпталған екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оксана Тен аталған қылмысқа дейін Қиясовтың отбасының жағдайы төмен болғанын атап өтті. Алайда кейіннен жағдайлары жақсарғаны оның көңіліне күдік ұялатқан.
«Қиясов мұны ата-анасының қосылғанымен байланыстырды. Алайда оның ағасы сыпырғыш шығару кәсібімен айналысып, олардың біреуін 350 теңгеден сатып жүріп, сол банданы өз үйінде ұстап, оларға үлкен пәтер жалдап беріп, көлік бергеніне сену қиын. Неліктен Қиясовтың ағасы Сұлтанды өзінің көлігінде қылмыс жасалғаны және соны білгені үшін жауапқа тартпады? Бұл таңғалдырады. Бұл банда сол үйде тұрды. Ол қолданған телефонда да түсініксіз қоңыраулар бар. Көптеген қылмыс жасаған Қиясов пен топтық зорлауға қатысты деп айыпталып, шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айырылған ағасы қалайша босап жүрген? Бұл отбасы үшін неліктен жеңіл жаза берілгені мен үшін үлкен жұмбақ. Оның осы сот залында сабырлы отырғаны қалпы, босап шығатынына сенімділігі онымен бұған дейін болған жайттарды растайтындай», – дейді марқұм спортшының анасы.
Сонымен қатар ол Қиясовтың бұған дейін денсаулығына байланысты сотта жауап беруден бас тартқанын атап өтіп, оның жауабы жаттанды болуы мүмкін деп топшылады.
«Неліктен ол жауап беруден қорықты? Неліктен науқастанғаны туралы сылтаулар айтты? Болжам бойынша, Қиясов оқиғаны жаттанды түрде айтқан болуы мүмкін. Ол бұрын айтқан жауаптарынан бас тарта бастады. Ол ағашқа, жерге пышақ лақтырғанын жоққа шығарды. Алайда бұл туралы өзі айтқан еді. Оны ешкім мәжбүрлеген жоқ», – дейді Оксана Тен.
Өз сөзінде Оксана Тен Қиясовтың күреспен айналысқанын атап өтті. Ол досын босатып алу үшін күрестегі тәсілдерді қолдана алатын еді,-дейді ол.
«Алайда ол Денисті күтіп тұрған кезде пышақпен жаттықты. Қиясов Денис пен Құдайбергеновтің жанынан жүгіріп өткенін күтіп, арт жағынан соққы жасау үшін, пышақпен оларды қуа жөнелді. Толыбаева дәл осы жайттан қорыққан болар. Себебі не болатынын білуі мүмкін. Ол Қиясовтың пышақпен жүгіріп бара жатқанын көрді», – дейді Денистің анасы.
Айта кетсек, бүгін өтіп жатқан сот жарыс сөзінде мемлекеттік айыптаушы аталған іс бойынша өтіп жатқан Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Жанар Толыбаеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрап отыр.