Тараз тұрғындары 20 жылдан бері жол сұрап жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Соның салдарынан тұрғындар сан жылдан бері ойлы-қырлы жолдың азабын тартуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараздағы Береке шағынауданының тұрғындары 20 жылдан бері жол сұрап жүр. Себебі мұндағы 9 көшенің бір де біріне тасжол салынбаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соның салдарынан тұрғындар сан жылдан бері ойлы-қырлы жолдың азабын тартуда. Жұрт жергілікті билік таза ауыз суды да тартып бермеді деп қапалы.  

Береке шағынауданына жұрт 20 жыл бұрын қоныстанған. Алғашында Жамбыл ауданына қараған елдімекен 5 жыл бұрын Тараз қаласының құрамына кірген еді. Тұрғындар сол кезде біраз мәселе шешіледі деп үміттенген. Бірақ жұрт әлі күнге жазда тобықтан топырақ басып, қыс пен күзде лай кешіп жүр.

«Көлік жүре алмайды. Балалар мектепке бару үшін  көшенің басынан автобусқа мінеді. Аяқтары батпақ болып барады. Мен өзім мектепте вахтер болып жұмыс істегеннен кейін білемін», – деді қала тұрғыны Қаршығай Балықбаева.

Шағынауданда 400 үй бар, 2000-ға жуық халық тұрады. Тұрғындарға таза ауыз су тарту үшін алқапта осыдан 2 жыл бұрын құбыр құрылысы басталып еді. Бірақ су желісін жүргізу әлі күнге аяқталмапты. Салдарынан көпшілік тіршілік нәрін аумақтағы жалғыз құдықтан тасып ішуге мәжбүр.

Ал қала әкімдігіндегілер биылдан қалдырмай тұрғындарға тіршілік нәрін таратамыз деп уәде берді. Жауаптылардың айтуынша, шағынауданға таза ауыз су желісі осыдан 2 жыл бұрын жүргізіле бастаған. Бірақ ауқымды жоба 28 саяжайға ортақ болғандықтан, қабылдап алу уақыты ұзарған екен. Қазір көшелерге құбыр тартылып, есептеуіш құрылғылар орнатылып жатқан көрінеді. Біте салысымен таза ауыз берілмек. Ал мамандар жол жөндеу жұмыстарына орталықтандырылған құбырдың құрылысы аяқталған соң кіріседі.

«Қиыршық, тас төсеу жұмыстары 3 жылға жоспарланып отыр. Сол жұмыс биыл басталды. Осы 28 саяжайдың бәрін толық қамтымайды. Оның ішінде 8 саяжайды қамтып отыр», – деді қала әкімдігінің бас инспекторы Ернұр Үдербаев.

5 жыл бұрын Тараз қаласының құрамына 28 саяжай қосылған еді. Оларды орталықтандырылған ауыз су желісіне қосу үшін бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге жоба жасалып, құрылыс басталған. Ал жол мәселесін шешу үшін биыл 8 саяжайдағы 165 көшеге қиыршық тас төселіп жатыр. Оған жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Ал оларды асфальттау кейінге қалды.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» арнасы

Оқи отырыңыз: Алматы тұрғындарына электросамокаттарда жүруді ереже бойынша үйретеді

Новости партнеров