Құрық порты арқылы бір млн тонна жүк тасымалданды

Almaty.tv
Almaty.tv
Су үстімен жүк тасу - мемлекет үшін тиімді әрі үнемді жолдың бірі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұған дейін Қытай төрағасы мен Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы Құрық портында жүк паромдарының жұмысын іске қосқан еді. Бұл Қарақия ауданындағы порт арқылы жыл басынан бері бүгінге дейін 1 миллион тоннадан астам жүк өткізіліпті. Жалпы, биыл аталған көрсеткішті 2 миллион 300 мың тоннаға жеткізу көзделген. Соған сәйкес, қазір қосымша айлақтар мен астық терминалы салынып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл жобалар Құрық портында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құруға мүмкіндік бермек. Аталған порт бұдан 10 жыл бұрын «Жаңа Жібек жолы» жобасы аясында құрылған еді. Содан бері жүк өткізу қуаты жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, Қытайдан келетін транзит жүк осы айлақ арқылы Каспий теңізіне шығып, одан әрі Әзербайжан, Грузия, Түркия мен Еуропа елдеріне жөнелтіліп жатыр.

«Құрық портының аумағында қатты жел болмайды. Бұл оның басты ерекшелігі. Сондықтан автокөлік және теміржол паромы жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Бізбен әріптестік байланыс орнатуға ниеттілер көп. Қазір порттарда ірі теңіз көлік-логистикалық кластер құру бойынша кешенді жоспары әзірленді», – деді «Құрық» теңіз портының бас директоры Серік Ахметов.

Су үстімен жүк тасу - мемлекет үшін тиімді әрі үнемді жолдың бірі. Бұған ел Президентінің өзі транскаспий дәлізінің бізге тиесілі бөлігіне қарата айтып, «қолда бар алтынның қадірін білу қажет», деп еді. Сәйкесінше  Қазақстанда теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Ендігіде су айлақтарының контейнер өткізу қарқыны артып, терминалдардың жұмысы өзгермек. Ал Құрық портында теңіз түбі тереңдетіліп жатыр.

«Қазір түбін тереңдету жұмыстарын жүргізетін компания анықталды. Аталған жұмыстар маусымда басталып, жұмыстар порттың барлық акваториясында жүргізілетін болады. Бұл порт акваториясында қосымша бес айлақ құруға мүмкіндік береді», –деді «Құрық» теңіз портының сектор бастығы Айтқали Нұрмағамбетов.

Биыл іске қосылатын жаңа терминал жылына 1 млн тонна астықты сақтап, жөнелтуге қауқарлы екен. Порт басында қосымша айлақтардың құрылысы да басталып кетті. Жалпы, мамандар кеме тұрақтайтын айлақтың алаңын 220 гектарға дейін ұлғайтуды көздеген.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылықтардың жылуға төлеген 95 млн теңгеден астам қаражаты қайтарылады

Новости партнеров