Қазақстанда 20 мыңнан астам адам көлікті мас күйінде тізгіндегені үшін көлік жүргізу куәлігінен айырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл елдегі қылмыс көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген. Бұл туралы ІІМ Ержан Сәденов мәлімдеді. Бас полицейдің айтуынша, биыл құқықбұзушылық пен тәртіпсіздік саны әлдеқайда қысқарған. Көшелер мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейі артқан. Тәртіп сақшылары 12 ай бойы жүргізген түрлі іс-шаралардың нәтижесінде 9 миллионнан астам заңбұзушылық анықталған.
Күндізгі тексерістер мен түнгі рейдтер. Бұл – еліміздің полицейлері жыл 12 ай тындырған шаруасы. Қылмыстың санын азайту мен оның алдын алу мақсатында Алматының өзінде 60-тан астам іс-шара өтті. Нәтижесінде бірнеше азамат құрықталып, таса жерде заңға қайшы әрекетін іске асырғандар да әшкереленді.
– 20 мыңнан астам құқықбұзушылықтың алдын алдық. Үш мыңнан астам қылмыстың жолы кесілді. Алматы қаласы бойынша 6040 полиция қызметкері жұмыс істейді. Қала көшелерінде тәулік бойы 2,5 мың полицей жұмысын атқарады, – деді Полиция департементінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ал Республика бойынша 9 миллионнан астам құқықбұзушылық анықталды. Бұл – тәртіп сақшылары мен өзге де құзырлы органдардың бірлесе іске асырған іс-шараларының нәтижесі. Еліміздің бас полицейінің мәлімдеуінше, биылғы қылмыс саны 14 мыңға азайған.
– Бір жыл ішінде 70-тен астам ұйымдасқан қылмыстық топ және 9 трансұлттық қылмыстық топ жойылды. Бірлескен шаралардың нәтижесінде құқық қорғау органдарымен 75 жасырын есірткі зертханасына тосқауыл қойылды. Есірткіге байланысты 6 мыңнан астам, алаяқтық сипаты бар 20 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурстар бұғатталды, – деді ҚР ІІМ Ержан Сәденов.
Ведомство басшысының айтуынша, елде 8 миллион рет жол ережесі бұзылған. 20 мыңнан астам адам көлікті мас күйде айдағаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған.
Айта кетсек, Қазақстан бойынша 1 миллионға тарта бейнебақылау камерасы бар. Технологияның көмегімен, құзырлы орган биыл 9 мыңға жуық қылмыстың бетін ашып, 500 мың әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алған.
Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жыл қорытындысы: қылмыстың азаюы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес