Қазақстандықтар Оңтүсік Кореяда 3 жыл заңды түрде жұмыс істесе болады. Еңбек министрлігі қазір арнайы орталық құрып, жобаны қолға алып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оңтүстік Кореяға бармас бұрын Қазақстан азаматтарын Қонаев көпбейінді колледжінде оқыту көзделіп отыр. Білім ордасында 500 орындық жатақхана қарастырылған. Талаптың бірі – Қонаев қаласындағы ауруханада медициналық тексеруден өту.
– Қазақстандықтарды аталған елге жіберуге арналған «Сапар» орталығын ашу жұмысы басталған. Орталықтың негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерге тілдік курс оқыту, корей тілінде біліктілігін арттыру. «Сапар» орталығы арқылы Қазақстан азаматтары үш жылға дейін жұмыс істей алады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев.
Брифингте шетелдегі қазақтардың «қандас» екенін анықтау ісі қалай жүретіні айтылды. Жергілікті атқарушы органның жанынан арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына жұмыспен қамту, білім беру, ішкі саясат және ішкі істер басқармаларының, ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері кіреді. Одан бөлек, ұлтты айқындау саласындағы түрлі профессорлар мен сарапшылар қатысады. Атамекеніне оралған азамат осы кісілердің алдында өзінің қазаққа қатысы бар екенін дәлелдеу керек.
– Комиссияның жұмыс функциялары, азаматтармен сұхбаттасу тәртібі, яғни өз ұлтын растай алмайтын адамға қандай сұрақ қоюға болатыны туралы ережелер әзірленген. Сондай-ақ комиссияда қандай да бір күмән туындаған жағдайда геномдық сараптама жүргізу қарастырылған. Сараптама арқылы азаматтың қазақ ұлтына қатысы бар-жоғы анықталады, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент басшысы Дастан Айтқұлов.
2023 жылы Қазақстанға 21 мың 323 қандас келген. 2022 жылмен салыстырғанда былтыр 2 мың 100 адам көбірек қоныс аударған. Ал биыл қандастар үшін өңірлік квота 2 мың 433 болса, қоныс аударушыларға 7 мың 50 квота бөлінген.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Картамен төлем қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерлер жауапқа тартылады