Бақытжан Сағынтаевпен кездесуде Наурызбай ауданы тұрғындары көбіне көлік тұрағының тарлығы мен коммуналдық төлемнің қымбат екенін алға тартты. Себебі олар үшін көлік тұрағының тар болуы аса шұғыл жағдайларда қиындық туғызады. Мәселен бұл жерге түнгі уақытта жедел жәрдем көлігінің кіріп-шығуы мүмкін емес дейді. Бұдан бөлек, осы тұрақтың кесірінен балалардың машинаға соғылуы секілді апатты жағдайлар да жиі кездесіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Премьера» тұрғын үй кешенінде шамамен 2 мыңнан астам адам тұрады. Мұндағы басты мәселе – көлік тұрағының тым тарлығы. Өздеріңіз көргендей 2 жеңіл көлік қатар келген жағдайда бір-біріне жол бере алмай қиналады. Ашынған халық мұндағы көлік тұрағын велосипеттің жолағына теңеп жүр.
«Алдын-ала ойланбаған, тұрақ сыймайды мына жерде. Себебі 1000-нан астам адам тұрады, әр отбасында 1-2 көліктен бар. Таксимен келсең де, таксистер қосымша ақша сұрайды мына жерге кіру үшін. «200 тенге қосыңыз, әйтпесе тар, кептеліс» дейді», - деді Абдолла УСМАНОВ.
«Тұрақ тар. Көлік көп. Балалардың ойнауына кедергі келтіреді. Немереммен шыққанда жол бойында машиналар жүреді. Кешқұрым екі жаққа да қойып тастайды», - деді Фарида РАУИЯСОВА
Ал пәтер иелері коперативі басшысының айтуынша жобада көрсетілгендей әр үйдің жертөлесі паркинг ретінде салыну керек болған. Құрылыс жүйесінің толық аяқталмағаны себепті, ол дәл қазір пайдалануға берілмей тұрса керек.
«Бұл үйді мердігер компаниялар салар кезде әр үйдің астында паркингтің болуын жоспарлаған. Құрылыс соңына дейін аяқталмаған. Тіпті, паркингке кіріп шығатын жер асты есігі де жоқ. Бастапқыда дұрыс ойластырылмаған. Өздеріңіз көргендей, 16 қабатты үйлер бір-біріне өте тығыз орналасқан. Әр үйде 60 пәтерден. Бір пәтерде 1-2 машинадан бар деп есептесеңіз. Ол үшін аумақ өте тар», - деді қызмет көрсету компаниясының басшысы Бақытжан ТОЙҒАНБЕКОВА.
Тұрғын үй кешеніндегі көлік тұрағының тар болуы жалғыз мәселесі емес мұнда. Эконом үлгіде салынған үйлердің коммуналдық қызмет ақысы да қымбат дейді тұрғындар. Ай сайын төлемдердің белгіленген тарифі де олардың келісімінсіз қойылған. Бұл ауданда газдың болмауы себепті, жылу, жарық және электр тоғының барлығы бір киловатпен өлшенеді. Мұндағылар электр тоғының құнын «Жетісу жаңа құрылыс» ЖШС-на төлейді. Ал олар болса, тұрғындардың берешегі көп деген желеумен 26 желтоқсаннан бастап осы тұрғын үй кешеніндегі электр қуатын түгелдей ажыратып тастамақшы.
"Электр қуаты болмаса, тамақ та пісіре алмайсың, аш отырамыз ба онда? Коммуналдық төлемі де қымбат қыста, жарық өшіп қалса білмеймін енді. Көшіп кететін шығар бұл жақтан бәрі. 1 бөлмелі үйге 1 айда электрге 25 мың төлейміз», - деді бір тұрғын.
«Премьера» тұрғын үй кешенінің тұрғындары «Адал сити» сервистік компаниясына тіркеуге өтсе де, біз коммуналдық төлемді ЖШС-ке төлеп отырмыз. Алматы жылу ораталығымен, Алматы су станциясымен бір келісімге келе алмай отырмыз. Мәселе неде?», - деп сұрады Насиба ТАГА есімді тұрғын
«Жақсы, мәселе шешіледі. Арнайы комиссия құрамыз. Мұнда одан да маңызды мәселелер тұр», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Тұрғындардың наразылығын тудырған бұл мәселелер бүгін шаһар басшысының Наурызбай ауданыны тұрғындарымен кездесуінде де айтылды. Бақытжан Сағынтаев өзінің қадағалуымен мұны басты назарда ұстайтынын жеткізді.