|
27.12.2021 | 15:58
2137

Алматыда Қабдеш Жұмаділовтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

Қазақстанның халық жазушысы биыл 5 ақпан күні 85 жасқа қараған шағында өмірден озған еді

Алматыда Қабдеш Жұмаділовтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды Almaty.tv

Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділовтің құрметіне өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, руханиятымыздағы танымал тұлғалар және жұбайы мен балалары қатысты. Жиналған қауым «ескерткіш тақта – жазушыны еске алатын көрнекі құралдардың бастауы» деген пікір айтты.

Қазақтың классик жазушысы – «Соңғы көш», «Бақыт жолында», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» сынды романдар мен бірнеше әңгімелер жинағының авторы. 

«Бүгін отбасымызда қуанышты, тарихи оқиға болып жатыр. Қабаңа арнап ескерткіш тақта орнатылды. Қабаң өте шыншыл, шынайы, әділ адам еді. Бір сөзбен айтқанда, өте жақсы адам болды. Ойламаған жерден кетіп қалды... Жатқан жері жайлы болсын деп күнде тілеуін тілеп отырамын», - дейді Қ. Жұмаділовтің жұбайы Сәуле Әукенқызы.

Жазушының әдебиеттегі жолы Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде басталған. 1954 жылы «Шыңжаң газетінде» алғашқы өлеңдері жарық көрді.

Қабдеш Жұмаділов бұл үйде 44 жыл тұрған. Қазақ әдебиетінің биік шоқтығына айналған шығармалары да осы ғимаратта дүниеге келді.

Еске салсақ, Қазақстанның халық жазушысы биыл 5 ақпан күні 85 жасқа қараған шағында өмірден озған еді.

«Алматыда Қабдеш жоқ, зираты да жоқ оның,

Кезеңінен таппайсың, таяу жатқан төбенің.

Махаббаттың жүрегі соғуынан тоқтады-ау.

Жұмырына сыйғызған байтағына көлемін», - деп жыр шумағын оқыды ақын Алмас Ахметбекұлы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир