|
25.12.2023 | 15:59
1268

2023 жылы өмірден өткен танымал тұлғалар кімдер

Мезгілсіз өмірден өткен тұлғалардың көбі өнер адамы

2023 жылы өмірден өткен танымал тұлғалар кімдер Almaty.tv/ Фатчев Виталий

2023 жыл Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жеткенімен есте қалды. «Өмір бар жерде өлім де бар». Өткен жылы дүние салған арда азаматтарымыз бен асыл тұлғаларымыздың есімі өшпесі анық. Жыл соңында биыл мезгілсіз өмірден өткен тұлғаларды Almaty.tv еске алды Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

АРМАН ДҮЙСЕНОВ (1974-2023)

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, продюсер әрі тележүргізуші Арман Дүйсенов  2023 жылы 24 қаңтар күні өмірден озды. Продюсер бар болғаны 48 жаста еді. Ол – «Арман», «Солай екен», «Ұстазым» сынды хит әндердің авторы. 1974 жылы 4 мамырда Орал қаласында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. 2017 жылы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» Мемлекеттік атағына ие болды.

АҚЖОЛ МЕЙІРБЕКОВ (1950-2023)

«Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков 25 қарашада дүние салды. Ол 1950 жылы 7 шілдеде Түркістан облысында дүниеге келген. 1978 жылы «Дос-Мұқасан» ансамбліне қабылданып, 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде қызмет еткен. Әнші 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болып жұмыс істеді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет ордені, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері.

ДАРХАН ЖҮНІСБЕКОВ (1991-2023)

Халық арасында «Darkhan Juzz» лақап атымен танымал Дархан Жүнісбеков 24 ақпанда бар болғаны 31 жасында Таиландтың Пхукет аралында жол апатынан көз жұмды. Darkhan Juzz 1991 жылы 9 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол рэп орындаушысы, ән авторы және дыбыстық продюсер. Дархан әндерінде классикалық трапты, акустикалық гитараны және сезімтал лириканы біріктіре білді.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ (1953-2023)

2023 жылы 10 маусымда мемлекет және қоғам қайраткері Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлы өмірден озды. Бердібек Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, Экономика ғылымдарының докторы, профессор. Әр жылдары Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары лауазымдарын атқарды. 70 жасында қайтыс болды.

АСҚАР НАЙМАНТАЕВ (1965–2023)

Биыл белгілі актер, режиссер, сатирик,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев ұзақ аурудан 2023 жылы 2 желтоқсанда қайтыс болды. Асқар Әбдіғалымұлы 1965 жылдың 17 маусымында Алматы облысы, Райымбек ауданында  өмірге келген. Ұзақ жыл «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрының жетекшісі болды. Халық театрын жаңғыртып Алматы облысының  Райымбек, Ұйғыр аудандарында «Хантәңірі», «Қарадала»  театрларын ашып,  төл мәдениетімізге орасан үлесін қосты.

НЕСІПБЕК АЙТОВ  (1950-2023)

Биыл ұзаққа созылған ауыр науқастан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Тұрысбекұлы Айтов өмірден озды. Ол 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), «Парасат» орденінің иегері (2004). Таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан (2015) жарық көрген эпик ақын. Қазақстан жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының лауреаты. «Парасат» орденінің иегері.

ГҮЛМИРА КАРИМОВА  (1977-2023)

Солтүстік Қазақ облысынан Парламент Сенатына депутат болып сайланған Гүлмира Каримова 45 жасында мезгілсіз қаза тапты. Оған «анафилаксиялық шок» деген диагноз қойылған болатын.

Гүлмира Кәрімова 1998 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша, 2008 жылы Көкшетау университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Ол 2016 жылы «Педагогикалық білім беру» бағыты бойынша Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасы дипломын алды. Еңбек жолын 1998 жылы Петропавл қалалық классикалық гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.

2006 жылдан бастап директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары, 2010 жылдан бастап №17 ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешенінің директоры болып жұмыс істеді. 2013 жылдан бастап Петропавл қаласының "Білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы болса, 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Білім басқармасының басшысы болып тағайындалған. 2021 жылдың қыркүйегінен - Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы болды.

ЕСБОЛАТ НҰРМАНОВ (1970-2023)

Қазақ боксшыларынан бірінші болып кәсіпқой боксқа бет бұрған Есболат Нұрманов 53 жасында дүниеден озды. Қазақстанның тұңғыш кәсіпқой боксшысы, 17 жасында бокстан КСРО құрама командасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Арал өңірінің тумасы, 1987 жылы Ленин атындағы ҚазПТИ-ның гидрогеология, барлау техникасы факультетінде оқыған. Ол 1989 жылы 2-ші жеңіл салмақта КСРО чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир