16 қазан – Дүниежүзілік нан күні: елде астық рекордтық деңгейге жетті
Дүниежүзілік нан күні қарсаңында Қазақстанның астық әлеуеті тағы бір мәрте назарға ілікті. Биыл елімізде 24 млн тоннаға жуық дәнді және бұршақ дақылдары жиналады деп күтілсе, отандық наубайханалар сегіз айда 325,5 мың тонна нан өндірді. Бұл туралы АШМ мәлім етті.
16 қазан – Дүниежүзілік нан күні. Нан – дастарқанның берекесі, еңбектің өтеуі, ырыс пен молшылықтың символы. Бұл күн адамзат үшін айрықша маңызы бар азық-түлік өнімінің қадірін ұғындырып қана қоймай, дәнді алқаптан бастап дайын өнімге дейінгі үдерісте маңдай терін төгетін еңбек адамдарының еңбегін дәріптейді. Ал астықты алқабы мен егіншілік дәстүрі қалыптасқан Қазақстан үшін нан өндірісі – агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі.
"Қазақстанның астық әлеуеті жыл санап артып келеді. Биыл елімізде дәнді және бұршақ дақылдарының жалпы түсімі шамамен 24 млн тоннаға жетеді деп күтілуде. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі әрі кейінгі екі рекордтық маусымды есепке алмағанда, осы кезеңдегі ең мол өнім", – делінген хабарламада.
Астық өндірісінің артуы экспорттық мүмкіндіктерді де кеңейтіп отыр. 2025–2026 маркетингтік маусымда Қазақстан шамамен 16 млн тонна астық пен ұнды астық баламасында экспорттады. Отандық астыққа Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Қытай және Еуропалық одақ елдерінде сұраныс бар.
Мол астық – отандық өңдеу өнеркәсібінің де берік негізі. Қазақстанда ұн өндіру көлемі ішкі қажеттіліктен екі есе жоғары. Бұл еліміздегі нан пісіру кәсіпорындарын отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге және астықты терең өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізде 325,5 мың тонна нан өндірілді. Ал жұмыс істеп тұрған нан пісіру кәсіпорындарының жалпы өндірістік қуаты 502 мың тоннаны құрайды.
Кәсіпорындар тұтынушылар сұранысына сай өнім түрлерін көбейтіп, күнделікті тұтынуға арналған нан-тоқаш өнімдерімен қатар, ұзақ сақталатын өнімдер мен ұннан жасалатын кондитерлік тағамдар өндірісін де дамытып келеді.
Өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыру үшін мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жылына кемінде 2 мың тонна нан-тоқаш және/немесе кондитерлік өнім өндіретін кәсіпорындардың инвестициялық шығындарының 25 пайызы өтеледі.
Бұдан бөлек, ұн өндірушілерге салықтық қолдау көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 490-бабына сәйкес, бұл салада қосылған құн салығы бойынша 80 пайыздық төмендету қарастырылған.
Дүниежүзілік нан күні 2006 жылы Халықаралық наубайшылар мен кондитерлер одағының бастамасымен белгіленген. Атаулы күннің 16 қазанға сәйкес келуі де тегін емес: дәл осы күні, 1945 жылы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) құрылған.
Бүгінде бұл ұйым ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың құнарлы тағамға қолжетімділігін арттыру және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді.
Нанның дастарқанға келуі – диқанның маңдай терінен, диірменшінің еңбегінен, наубайшының шеберлігінен басталатын үлкен үдеріс. Сондықтан Дүниежүзілік нан күні– ел ырысын еселеп жүрген барша еңбек адамына құрмет білдіретін ерекше күн.
Отандық астық өндірісін дамыту, оны терең өңдеу, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру және еңбек адамдарының еңбегін бағалау – елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудың маңызды кепілі.