Алматыда мемлекеттік қажеттіліктер үшін 109 жер телімдері алынады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әкімдіктің 2019 жылғы 28 ақпандағы № 1/1-284 қаулысына сәйкес, Наурызбай ауданындағы Қалқаман-2 шағынауданында орналасқан 52 учаске электр көлігі объектісі үшін алынады.
Айта кетейік, қазір әкімдік жеңіл рельсті көлік желісін салу үшін мердігерді таңдау бойынша байқау өткізіп жатыр. Байқауға Испания, Қытай, Түркия, Франция және Жапония компаниялары өтініш берген. Абай даңғылы бойымен Момышұлы көшесінен Әуезов және Наурызбай аудандарындағы қала шекарасына дейінгі 49 учаске Абай даңғылын салу үшін алынады.
Бұған дейін хабарланғандай, даңғылды батыс бағытта ашу 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған болатын. Құлжа жолы мен Медеу және Түрксіб аудандарында Бұқтырма көшесінің қиылысында орналасқан алты учаске көлік айрығын салу үшін алынады.
Жамбыл көшесі, 49 б үй мекен-жайында орналасқан екі учаске Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ландшафты мен гүл бақтарын көгалдандыру үшін алып қояды.
Барлық осы учаскелер бойынша мәжбүрлі иеліктен шығару мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген.