|
05.08.2022 | 16:00
1022

Алматыда Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына орай әскери шеру өтті

Іс-шараға қатысушылар оның рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды

Алматыда Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына орай әскери шеру өтті Almaty.tv

Алматыда екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған ұшқыш-шабуылдаушы, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына орай әскери шеру өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іс-шараға қатысушылар оның рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойды.

Бүгін Алматыда Отан алдындағы борышын өтеп жатқан 600-ден астам сарбаз 28-панфиловшылар саябағын шерулетіп өтті. Жиында патриоттық әндер шырқалып, әскери қоян-қолтық ұрысының әдіс-тәсілдері көрсетілді. Іс-шараны тамашалауға Ұлы Отан және ауған соғысының ардагерлері мен Талғат Бигелдиновтің қыздары қатысып, естелік әңгімелерін бөлісті  

«Бүгінгі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Көңілімнен шықты. Әкеме көрсетіп жатқан ыстық ілтипат бен құрметке алғысым шексіз. Әскери шеруге қатысқан әр сарбазға рақмет айтқым келеді», – деді Т. Бигелдиновтің қызы Галина Бигелдинова.

«Мен «Халық қаһарманы» атағын алған кезде, ол кісі 2007 жылы «Отан» орденімен марапатталд. Әрине, біз ешқашан ұмытпаймыз. Бұл кісілер әрқашан жүрегімізде деп сенемін», – деді ұйымдастырушы Азамат Жұмаділов.

Талғат Бигелдинов 300-ден астам әуе шайқасына қатысып, көк жүзінде 500 сағат қалықтаған. Осы аралықта ол немістің 7 ұшағы мен 10 автокөлігін, 2 зеңбірегі мен 4 дзотын, 100 шақты сарбазын құртып жібереді. Сол үшін Талғат мінген ұшақты немістер «қара жал» деп атап кеткен. Жау ұясы Берлинді алуға бірінші боп қатысады. Осындай көзсіз ерлігінің арқасында ол небәрі 23 жасында 2 мәрте Кеңес одағының батыры болған тұңғыш қазақ атанады. Генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсековтің айтуынша, Талғат Бигелдинов соғыстан оралған соң майдан туралы ешкімге ашылып тіс жармапты. Көптің есінде тек мына әңгімесі  қалыпты.

«Бір жолы: «Ұшып, қайтып қонсам. Ей, Талғат сені бір жерлесің іздеп жатыр осында дейді. Мен қайдағы жерлес деп ойладым.  Мен білетін қазақта ұшқыш жоқ. Сөйтсем, Сергей Луганский екен. Ол да 2 дүркін батыр атағын алған ұшқыш». Талғаттың айтуынша, біз дейді тапсырманы орындаған кезде артымыздан күрескер қорғайды дейді. Соның ішінде Луганский бар екен», – деді генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков.

«Батыр боп ешкім тумайды, батыр атанады дейді. Атамыздың жасаған ерлігі мен батырлығы барша ұрпағымызға, қазіргі әскер қатарында өз борышын өтеп жатқан жас сарбаздарға үлгі деп айтуға болады», – деді ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімі батальон командирінің орынбасары Жаслан Ержанов.

Талғат Бигелдинов 2 мәрте Кеңес одағының батыры атануы  елімізде Талғат есімді көп сәбидің дүниеге келуіне түрткі болды. Ұшқыш болам деген әрбір жас оның ерлігін еске алады. Еліктейді. Батырдың ізімен жүруді мақтан тұтады.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир