Бала зорлаған қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін

Бала зорлаған қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін
Сонымен қатар, мас күйінде көлік тізгіндеп адам қаққан жүргізуші 10 жылға сотталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді кәмелет жасқа толмаған балаларды зорлаған немесе жыныстық қатынасқа итермелеген қылмыскер 20 жылға немесе өмірбақи бас бостандығынан айрылады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сонымен қатар Қылмыстық Кодекстің кейбір нормалары күшейтілген. Атап айтар болсақ, есірткі заттарын сақтау, қолдану және тарату бойынша қатаң жаза қолданылады.

«Бұдан бөлек есірткі заттарын интернет арқылы насихаттау, жарнама жасау бойынша Қылмыстық Кодексте алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал, егер оны қоғамдық орындарда, мектептерде жаранамаланса, ауыр қылмыс болып есептеледі. Бұл жобамызды Парламент мақұлдап, мемлекет басшысы қол қойса, жаңа бап қабылданады», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.

Сонымен қатар, мас күйінде көлік тізгіндеп адам қаққан жүргізуші 10 жылға сотталады. Ал, егер адам өліміне әкелетін жағдай болса, өмірбақи көлік жүргізу құқығынан да айрылады. Бұдан бөлек, адам саудасы, мал ұрлығы,  браконерлік, тонау-қанау қылмыстары бойынша жаза едәуір күшейтілмек. Шетелден келген туристерді тіркеу бойынша да Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Қазіргі норма бойынша шетелдік меймандар 5 күн ішінде тіркелу керек болса, енді қонақ үй немесе күтіп алушы көші-қон органдарына тиісті ақпарат беруі тиіс. Ал, егер ондай ақпаратты 5 тәулік ішінде хабарламаған жағдайда әкімшілік жаза қолданылады. Бас прокурор орынбасары әзірге бұл заң жобасы екенін атап өтті.

«Бұл мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Қазақстан қонақжай халық ретінде өзінің қалпынан таймауы тиіс. Өйткені, бұған дейін қонақ үйлерді тексеріп, рейдтер жүргізіп, тіркелмеген шетелдік азаматтарды анықтаған едік. Бұл инвестициялық тартымдылыққа, басқа да жағдайларға кері әсерін тигізеді. Бірінші кезекте шетелдік туристер қай жерге барып тіркелу керектігін іздеп сарсаңға түспес үшін жасалып отыр», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.

Новости партнеров