Алматы полициясының басшысы блокбекеттерде қызмет еткен қызметкерлерді марапаттады, деп хабарлайды Polisia.kz.
19 наурыздан бастап Алматы қаласының периметрі бойынша жұмыс жасайтын блок-бекеттердің аяқталуына орай, қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов қызметкерлерді марапаттап, олардың адал еңбектерін атап өтті.
«1 маусымнан бастап, Алматы қалалық Жедел Штабтың шешімімен, коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы карантиндік шаралар аясында екі жарым ай бойы жұмыс істеген блок-бекеттер таратылады. Аурудың алдын алуда маңызды рөл блок бекеттеріне берілді, олардың қызметкерлері инфекция жұқтырудың қауіп-қатеріне қарамастан тәулік бойы қызмет етіп, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етті. Жалпы, блок-бекеттердің жұмысына 700-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Күн сайын орташа есеппен 10 мыңнан астам автокөлік блок бекеттерден өтті. Карантиндік аймақтың шекараларын заңсыз кесіп өтуге байланысты мыңнан астам фактілер тоқтатылды. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қызметшіні қорлау, бағынбау және зорлық-зомбылықтың 34 фактісі тіркелді. Жалпы алғанда, қалада карантинді қамтамасыз етуге Ұлттық ұланның бес мыңнан астам әскери қызметкерлері мен полицейлер жұмылдырылды. 19 наурыздан бастап Алматыдан тыс жерде тұратын бір жарым мыңнан астам тәртіп сақшысы казармаға ауыстырылды», – деді Қанат Таймерденов.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, блок-бекеттерде, жаяу патрульдеуде, карантиндік аймақтарды қоршауға қатысқан 4 300-ден астам полиция қызметкері бір айлық жалақының көлемінде ақшалай сыйлықақымен марапатталды. Тағы 200-ге жуық адам дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Ішкі істер Министрлігі басшылығының, қала Әкімінің және жеке өзімнің атымнан сіздерге төтенше жағдай кезіндегі жанқиярлық жұмыстарыңыз бен блок-бекеттерінің үздіксіз жұмыс жасағаны үшін алғысымды білдіремін. Дәрігерлерге, әкімдік қызметкерлеріне, санитарлық қызмет өкілдеріне, әскери қызметкерлерге және сеніп тапсырылған аудандарда қызмет көрсеткен еріктілерге ерекше алғыс білдіреміз», – деп қорытындылады Қанат Таймерденов.