ҚР Ішкі істер министрлігі шілденің 1-інен бастап, еліміздегі батуттарды түгел бақылауға алмақ. Осылайша Қазақстандағы аттракциондар ұлттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестіндіріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы, батуттарды техникалық қадағалау жөніндегі құжат 2016 жылдан бері қаралып келген. Тек өткен жылдың сәуір айынан бері заңды күшіне енді. Бұдан былай батуттарды бекіту қатаң қадағаланып, балалардың бойы мен салмағына қарай шектеу қойылмақ. Осы орайда еліміздің бас құтқарушысы Владимир Беккер ата-аналарға сақ болуды ескертеді. Бастысы, ауа-райына, батуттың жағдайына және ондағы ойнап жүрген бүлдіршіндердің санына аса мән беру керек дейді ол. Сондай-ақ техникалық персоналдар да алғашқы көмек көрсете алатындай жағдайда болуы қажет деді.
«Бұдан былай батуттардың жағдайын жергілікті атқарушы органдар тексереді. Неге? Өйткені, олар орналасатын жер, яғни, саябақтар әкімдіктерге тиесілі. Олар аттракциондарға жер телімін беріп отырғандықтан, қадағалауға толық құқығы бар. Егер жер телімі сауда-саттық кешендері немесе басқа да нысандар секілді жекенің қолында болса, онда аумақтағы батуттардың қауіпсіздігіне ғимараттың әкімшілігі жауап береді», – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир БЕККЕР.