Шомылу маусымы қашан басталады

Almaty.tv
Almaty.tv
Ұлытау облысында су қоймаларына қарасты мекенде 50 адам, 6 бірлік техника мен 8 жүзу құралы дайын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кейінгі үш жылда суға кетіп, өмірімен қош айтысқандардың саны мыңнан асыпты. Ал биыл 38 адам ажалдан аман қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаз қызығы – жағалау. Екі күннен кейін елде суға шомылу маусымы басталады. Бұл ретте арнайы брифинг өткізген жауапты ведомство «биыл шомылуға рұқсат етілген орындар көбейеді» деп отыр. Елде демалу үшін 700 орын қолданысқа беріледі. Бұл былтырмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Жағалау жақсарады деген министрлік қауіпсіздіктің де күшейетінін айтты. Ережені елемей, талапты сақтамағандар әкімшілік құқық бұзды деп есептеліп, бірнеше баппен жауапқа тартылады.

– Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару қызметі елдегі ең ірі деген 85 су айдынын қатаң бақылауға алды. Ал шомылу маусымы бастала салысымен, күзетілмейтін орындарға 70 мобильді құтқару бекетін қоямыз. Өйткені бұған дейін суға кетіп, көз жұмғандардың 97 пайызы қарапайым ережені сақтамаған, – деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов.

Қарапайым қауіпсіздік ережесі жұрттың жадында жүруі тиіс. Масаң күйде суға түсуге болмайды. қайық, катер айлақтарынан  аулақ болыңыз. Сүңгуге, жүзуге рұқсат етілмеген жерге бармаңыз. Ең бастысы, балаларды бақылаусыз қалдырмаңыз. Елдің ескерер әуелгі ережесі – осы ғана.

– Су ережелерін білемін. Десе де, мамандардың ескеруіне құлақ аспай жатқанымыз рас. Өзім шомылу білмеймін, сондықтан да жолдастарыммен демалысқа барғанда көбіне су шетінде ғана жүремін. Замандастарым суда жүзе білмесе, ережені қатаң сақтауға шақырар едім, – деді облыс тұрғыны Мақсат Дүкенбай.

Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаментінде де маусымға дайындық қызу жүріп жатыр. Облыстың су қоймаларына қарасты мекенде 50 адам, 6 бірлік техника мен 8 жүзу құралы сақадай сай. Бұдан бөлек, сүңгуір жиынтығы мен гидрокостюмдер, құтқару кеудешелері және арнайы шеңберлер дайын.

– 2023 жылы Кеңгір су қоймасының жабдықталмаған жерінде 5 адам суға батқан. Ал мұндай орында шомылғаны үшін 3 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биылдың өзінде 5 баланың рұқсатсыз жерде суға түсу фактісі тіркелді. Олардың ата-аналарына 64 610 теңгеге әкімшілік хаттама толтырдық, – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Әбіл Оразов.

Қара су қайғы әкелмесін десеңіз, қауіпсіздікті қатаң сақтау қажет. Әсіресе жағада қойылған белгіге мән беру керек. Өйткені бейқам жүріп, былтыр 221 адам суға кете жаздаған. Бұл республика бойынша көрсеткіш. Ал соңғы 3 жылда қарапайым ережені сақтамаған мыңға жуық азамат көз жүмды.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Елімізде алғашқы көмек көрсететін 655 нысан салынады

Новости партнеров