Көкшетауда 10 жастағы батыр ТЖМ медалін алды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ол бір жасар інісін өрттен құтқарған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысында өрт кезінде батылдық танытқан 10 жастағы Артур Гаитов марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аяғынан жарақат ала тұра, ол қызыл жалынға оранған үйден бір жастағы бауырын өзі алып шығып, құтқарушыларды көмекке шақырған. Қауіпке қарамастан осындай ерлік жасағаны үшін жеткіншекке Төтенше жағдайлар департаменті медаль тақты.

Бұл бейнежазбада Артур Гаитов өртенген үйден аман шығып, көмекке келген құтқарушыларға мән-жайды айтып тұр. 10 жастағы жеткіншектің сөзінше, үйде 1 жастағы бауыры екеуі жалғыз болыпты. Қызыл жалынды байқағанда бірден электр сымдарын ажыратып, інісін алып, терезеден шыққан. Сол сәтте аяғында жарақаттың барын да ұмытыпты. Бұл ерлігіне төтеншеліктер тамсанып, батыр балаға ерлігі үшін төсбелгі таққан.  

«Бүгін біз Көкшетау қаласындағы жеке үйдің өртенуі кезінде батылдық көрсеткен Артурды марапаттадық. Оның қауіпке қарамастан еш саспай, батыл әрекет етуінің арқасында өзі және кішкентай бауыры аман қалды. Аяғы гипсте екенін елемей, балдағын тастай сала, інісін көтеріп алып, тоқ сымдарын ажыратқаны, дереу құтқарушыларды шақырғаны нағыз ерлік», – деді  ТЖД кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы Ерболат Әшкенов.

Жеткіншек оқиға орнына жеткен құтқарушыларды күтіп алып, өрттің ошағына апарар қысқа жолды көрсеткен. Соның арқасында төтеншеліктер қызыл жалынның жайылып, үйдің толық өртеніп кетуіне жол бермепті.

«Үйіміз өртеніп кететінін кім білген? Біздің Артур жарады. Біз баламызға қауіпсіздік ережелері, қызыл жалын кезінде қалай әрекет ету керек екені жайында жиі айтатынбыз. Бекер емес екен. Бастысы – ұлдарымыз аман. Басқасы маңызды емес», – деді А.Гаитовтың анасы Анастасия Гаитова.

Осылай баласының қайсарлығына риза болған анасы көзіне жас алды. Ал Артурдың өзі ата-анасы үйреткендей әрекет еткенімен, қатты қорыққанын жасырмады.

«Мен диванда теледидар көріп отырғанмын. Інім ойыншықтарымен ойнап жүрді. Бір уақытта қатты жарылыстың даусы естілді. Дыбыс киім ауыстыратын бөлмеде шыққанын байқап, сонда барсам, өртеніп жатыр екен. Бірден есікті жауып, інімді алып, тоқты ажыратып, келесі бөлменің терезесінен шықтық», – деді Көкшетау қаласының тұрғыны Артур Гаитов.

Бұл жағдайдан кейін Артур өскенде өрт сөндіруші болуды армандайтынын айтады. Ұлдарының бұл шешімін ата-анасы да құптап отыр. Ал төтеншеліктер батыр баланы әрдайым өз қатарларынан көруге асық екенін жеткізді.

Аяулым Көлжігіт, Оксана Матасова, Рамиль Дусумов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Таразда «маугли» отбасы табылды

Новости партнеров