Кеген-Алматы тасжолының жөндеуді талап ететін учаскелеріне қатысты дау әлі бітер емес. Тұрғындар шаруаның сапасыз орындалып жатқанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылдар бойы жолдың жайын жырлаған жұрт дәл осы аумақта көлік апатының жиілеп кеткенін алға тартады. Тіпті күні кеше жөндеу жүргізіліп жатқан учаскенің 53-шақырымында оқыс оқиға болып, бірнеше адам көз жұмған.
– Жол ойылып кетті. Машинамның алдыңғы терезесін салдым, бір айға жетпей сынып қалды. Былтырғы емес, осыдан 3-4 күн бұрын салған жол сапасыз, – деді Кеген ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Бекеев.
Сапа демекші, жергілікті әкімдік өкілдері де жөндеу жұмысын сынға алып, тас төсеу технологиясының құжатқа сай болмай шыққанын айтқан. Тіпті бейнежазба әлеуметтік желіге тарап, қызу талқыға түскен. Бейнежазбадан Кеген ауданы әкімінің орынбасары сынға алған жол жөндеуші маман өзін кінәлі санамайтынын аңғаруға болады. Оның айтуынша, шаруаның бәрін дұрыс істеп жатыр. Тек құжат жүзінде дәлелдей алмады. Тіпті жол төсеуге қанша қаржы бөлінгенін де түсіндіріп бере алмады.
– «Жігіттер, дұрыстап, сапалы жасап кетіңдер» деп айттым. Ертесі тексерістен бұрын ауданның белсенді азаматтары сурет жіберді. «Неге қадағалау жоқ, мемлекеттің ақшасы далаға шашылып жатыр?» деген хабарлама алдым. Егер талапқа сай жұмыс істесе, оны тоқтатпас едік. Барлығын сапалы жасасын, қарапайым халыққа керегі де сол, – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Ал жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер мәселені табиғи фактормен байланыстырып отыр. Тіпті аяқсыз қалған тірлікті қаражатына жасап жатырмыз деп ақталғандай болды.
– Құжатқа сәйкес, 2022 жылдың қарашасында аяқтадық. Қазіргі жұмыстар кепілдік келісім арқылы өз қаржымызға жасалып жатыр. Біз «ҚазАвтоЖол» өкілдерінен тапсырысты орташа жөндеуге алдық. Ал ондағы топырақтың қыртысына, астынан су шыққанына жауап бермейміз, – деді мердігер мекеме директорының орынбасары Александр Ю.
– Дұрыс айтып отыр, бұл жерден жүк көліктері өткенде астынан су шығады. Мердігер орташа жөндеу жұмыстарын жасайды, – деді «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының бас маманы Есенгелді Оспанов.
Құжатқа сәйкес, жауапты компания жолды қайта жөндеуге міндеттелді. Бірақ оның қайта бұзылмасына кепіл жоқ. Тіпті мемлекеттік тапсырысты беруші «ҚазАвтоЖол» өкілдері де оған уәде бере алмады. Сондықтан республикалық жол әзірге орташа жөндеуден өтпек. Ал толық күрделі жөндеу үшін қаржы жетіспейтін көрінеді.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Екібастұзда тойға жиналған қонақтар тамақтан жаппай уланып қалды