Қазақстанда алғаш рет домбыра пішініндегі фонтан ашылады

Қазақстанда алғаш рет домбыра пішініндегі фонтан ашылады
Арт-нысан ұлы күйшінің атын иеленген еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі саналатын өнер ордасына көрік бермек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бастамасымен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен консерватория аумағында домбыра пішініндегі фонтан салынды, деп хабарлайды Тengrinews.kz.

Фонтанның домбыра пішінде болуы бекер емес. Себебі домбыра қазақтың музыкалық мәдениетіндегі ең шоқтығы биік аспап болып табылады. Ықылым замандардан осы күнге дейін халықпен бірге жасасып келе жатқан, дәстүрлі репертуары ең бай аспап. Қазақ домбырамен қуанышын да, қайғысын да бөлісіп, тарих-шежіресін баяндап, көңіл-күй мен ішкі жан тебіренісін жеткізген. Домбыра қазақ халқының ұлттық бренді болып саналады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жобалар бойынша бұл аспап ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің ең үлкен құралына айналып, әлемге қазақ өнерін танытуда үлкен рөл атқарып келеді. Домбыра күйлеріндей алуан түрлі сипаттағы аспаптық жанрды әлем халықтарының фольклорынан кездестіру өте қиын. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Қазанғап, Дина сияқты күйші-композиторларымыздың әрқайсысы бір төбе. Домбыраға деген құрметтің белгісі ретінде Алматыда консерваторияның үлкен концерт залы алдындағы алаңқайда, Құрманғазы ескеркіші жанында домбыра пішініндегі фонтан тұрғызылды.

Жоба авторларының ойынша, арт-нысан ұлы күйшінің атын иеленген еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі саналатын өнер ордасына көрік бермек. Арт-нысанның ұзындығы - 10,25 метр, ені - 2,85 метр. Фонтан жоғары қысыммен су беретін сорғылармен жабдықталған. Домбыраны 40-қа тарта шамдар жарықтандырып тұрады.

Мұндай көркем туындының авторлары - Н.А Қаныбеков және Н.Н. Қуанышбеков. Фонтан өз жұмысын Алматыдағы фонтандар күні, яғни 25 мамырда бастап, қыркүйек айының ортасына дейін жалғастырады және жыл сайын жаз маусымында қосылып тұрады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының 2018 жылдың 13 маусымындағы қаулысымен қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында «Ұлттық домбыра күні» бекітілген болатын.

Содан бері еліміз шілде айының бірінші жексенбісінде бұл мерекені домбыраның сиқырлы қоңыр үнімен қарсы алып келеді. Сондай-ақ домбырада қазақтың дәстүрлі күйлерін орындау өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген.


Новости партнеров