Алматы қаласының Полиция департаментінде жедел уәкілдер, тергеуші және анықтаушы сынды лауазымдардың орны бос. Бұл туралы бүгінгі өткен Ашық есік күнінде мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бос орындар жәрмеңкесіне болашақта полиция қызметкері болам деген 200-ден астам азамат қатысты. Келушілердің арасында қыз балалардың көп екені байқалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара жылына екі рет өткізіледі.
«Полиция қызметкері болуды бала кезден армандадым. Бірақ негізгі мамандығым – психолог. Оқуды Семей қаласында бітірдім, ал үлкен қалаға арман қуып келдім. Ешқандай өкініш жоқ, қазір жұмысқа тұруға әрекет етіп жатырмын», – деді жәрмеңкеге қатысушы Дана ТӘҢІРБЕРДИЕВА.
«Бүгінде Алматы қаласы полиция департаментінде жедел уәкілдердің, тергеуші, анықтаушы, учаскелік полиция инспекторлары және жол патрульдік полиция қызметкерлерінің орындары бос. Бүгінгі жәрмеңке сол үшін өткізіліп отыр», – деді Алматы қаласы ПД кадр саясаты басқармасының басшысы Олжас МЫРЗАБЕКОВ.