Шымкент әкімдігінде кәсіпкерлер бас көтерді. Қала әкімімен жүздесуге келген жұрт істеп жатқан жұмысына тыныштық сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың сөзінше, күн сайын айыппұл салып келген жергілікті билік өкілдері тіпті күш көрсетуге көшкен. Екі күн бұрын олар қала ішінде құм мен шағыл тас сататын нүктелердің тас-талқанын шығарған көрінеді.
– 30 кәсіпкердің арқасында 300-400 шопыр күн көріп жатыр. Маусымдық жұмыс істейміз. Қыста жұмыс жоқ. Алты ай жұмыстың 2 айы қалды, қайда барып жұмыс істейміз? Ол жақта үйрету үшін 1 жыл уақыт кетеді, – деді жұмысшы Аужанғали Медетбеков.
Ашынған кәсіпкерлер қала әкімдігінің алдына жиналды. 50-ден астам азаматтың талабы – сатып алған жер учаскелеріндегі сауданы тоқтатпау. Бірақ бұқарамен жүздесуге ешкім шыққан жоқ. Ғимаратты таңнан бері күзеткен көпшілік қара кешке дейін сұраққа жауап алуға ниет етті.
– «Бізге 7 ай бердік» дейді, алайда нақты уақытқа келісім болған жоқ. Себебі жер дайын болмады. Біз қаладағы құм-тасты азайтып, шетін қоршап, тазалықты сақтауымыз керек болды, – деді кәсіпкер Арысбай Қамытбеков.
Шымкент ішінде құм мен шағыл тас сататын 20-дан астам нүкте бар. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, кәсіпкерлер жерді асхана, үй салу мақсатында сатып алған. Әкімдік «олар заңсыз сауданы дөңгелетіп отыр» дейді.
– Қаланың көшелері бюджеттің қаржысына салынды. Құмды жай ғана арбамен емес, жүк көліктерімен тасиды. Белгіленген мөлшерден артық жүк артып келсе, көшенің сапасы әсер етеді. Олар бұл мәселені ескермейді, тек өз пайдасын ойлайды, – деді қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев.
Айта кетейік, қала сыртында құм мен шағыл тас сатуға арналған 5 базар жұмыс істеуге дайын тұр. Әкімдік өкілдері Шымкент ішінде бұл заттарды сатуға рұқсат бермейтінін мәлімдеді.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» теларнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Жер дауы: ауыл әкімі тұрғынды соққыға жыққаны рас па