Қарасай ауданынан асығып жеткен жауапты маман аталған проблеманың барын растады
«Жарыққа жарымай отырмыз». Алматы облысы Исаев ауылының тұрғындары тоқтың қысқа тұйықталуынан тұрмыстық техниканың күйіп кеткенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қас қарайса, шам іздеп дал боламыз» деген жұрт ауылдағы жалғыз тоқ торабы жүктемені көтере алмайды деп шағымданды. Трансформаторға 200-ден астам үй қосылып, қуат алады. Күші жетпеген соң, қысқа тұйықталудан талай мәрте қызыл жалын да шарпыған көрінеді.
– Көпбалалы анамын. Қазір пәтер жалдап жүрмін. Себебі баспанамда жарық жоқ. Трансформатор 60 үйді жарықпен қамтуға негізделген, бұл жерде 200-ден артық үй қосылып тұр, – деді Исаев ауылының тұрғыны Назира Кенжебаева.
Тоқ көзінен таршылық көріп, әбден мезі болған бұқара ақша жинап алған алаяқтарды кінәлайды. Олардың айтуынша, 100 шақты жанұядан 1 миллион 800 мың теңге қаржы жинап, мәселені шешіп береміз деп уәде берген. Бірақ не жарық, не ақша жоқ. Жергілікті жұрт түйткілді айтып құзырлы органға арыз жазған. Бірақ нәтиже жоқ.
– Балалардың өміріне қауіп төніп тұр. Ауылдың төменгі тұсында электр тогы жерде жатыр. Ал тұрғындар акуммулятор қосып отыр, – деді Исаев ауылының тұрғыны Назира Сейсебекова.
Бір қарағанда, бұл отбасы тұрмыстық техниканы жөндеумен айналысатын сияқты. Бірақ олай емес. Бұл – жарық жиі өшіп, істен шыққан тұрмыстық техникалардың тізбегі. Басқаша айтқанда, бұл жер қоймаға айналған. Шаңсорғыштарды шаң басқан, ал кір жуғыш машиналар кір жаятын темірге айналған. Көрініс жарыққа жарымай отырған жұрттың жанайқайын жеткізгендей.
Жиналған жұртқа Қарасай ауданынан асығып жеткен жауапты маман аталған проблеманың барын растады. Бір күнде шешіле қоятын шаруаға қатысты құжаттарды дайындап қойғанын жеткізді.
– Ауылдағы электр желісін жекеменшік компания тартқан. Ол ешқандай стандартқа сай келмейді. Әкімшілік тарапынан жобалық сметалық құжаттары дайын. Исаев ауылы бойынша мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже алды. Тамыз-қыркүйек айларында мәслихат отырысы болады. Облыстық бюджеттен қаражат сұраймыз, – деді Қарасай ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Cалауат Қазиев.
Жауаптылар мәселені көп ұзамай шешілетінін айтты. Бірақ нақты уақыты белгісіз. Ал ауыл адамдарының ақшасын алып, қызметін орындамаған азаматтың атына тұрғындар қайта арыз жазды. Істі тергеу анықтайды.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Салық кодексіне қандай өзгеріс енгізілді