Жаңа салық кодексі 2025 жылы күшіне енеді. Заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар төлем рәсімін жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған. Сондай-ақ ережелерде шағын және орта кәсіп пен жеке тұлғалардың жұмысын оңтайландырып, қолайлы жағдай жасауға мүмкіншілік қарастырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Алматыдағы Достық үйінде Қаржы вице-министрі, Сенат және мәслихат депутаттары мен бизнес өкілдері жиналып, өзгертілген заңның тетіктерін талқыға салды. Ержан Біржанов жалпыға бірдей декларациялаудың маңызын еске салып, бұл елдегі көлеңкелі экономикаға жол бермей, ашық төлем саясатын жүргізуге ықпал ететінін атап өтті.
– Кодекстің бастапқы баптарына қарайтын болсақ, оқыту функцияларын қосып отырмыз, одан кейін кеңес беру функциясы қарастырылған. Бұған дейін салық төлеуші уақытылы нысана тапсырмаса, әкімшілік жаза көзделетін, жыл сайын 150 мыңға жуық салық төлеуші осы жазаға тартылатын. Кодекс шеңберінде әкімшілік жазаны алып тастадық, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Еске салайық, бірнеше ай бұрын ашық НҚА порталында салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы құжат жарияланып, талқыға алынды. Депутаттардың сөзінше, жаңа Салық кодексі ұлттық бюджеттің кірісін арттырады.
– Салық кодексі өте маңызды, инвестициялық тартымдылықты көтеретін, көлеңкелі экономиканы төмендетіп, кәсіпкерлердің жұмыс жасауына ыңғайлы жағдай жасайды. Үкіметте, Парламентте көптеген кездесу болды, нәтижелерін көрсетейік, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов.
Оқи отырыңыз: Алматыда тазалық пен көріктендіру шаралары күшейтілді