Ақтауда жұмыс орнында ішімдік ішкен шенеунік жазалануы мүмкін

Инспекция басшысы жасаған ісіне өкініш білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда шенеунік сыйға ішімдік алғаны үшін жазалануы мүмкін, деп хабарлайды tengrinews.kz Лада.кз сайтына сілтеме жасай отырып.

19 мамырда Маңғыстау облысының Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. Онда аумақтың ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысына қатысты тәртіптік іс қаралды. Отырысқа ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің ұсынымы негіз болды.

Істе аумақтық инспекция қызметкерлері кәсіпкерлерден бірнеше рет сыйлық алғаны көрсетілген. Мәселен, 2019 жылдың 29 желтоқсанында кәсіпкерлердің бірі Ақтаудың аумақтық инспекциясының басшысына және оның бірнеше қызметкеріне сүт өнімдерін сыйлаған.

Келесі күні тағы бір кәсіпкер инспекция бөлімінің басшысымен кездесіп, оған жаңажылдық сыйлық ретінде «Түркістан» коньягы пен кәмпит тарту еткен. Сыйлықтарды билік өкілі жұмыстан тыс орында алған.

«Сонымен қатар, ветеринарлық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының басшысы өз қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу және ескерту бойынша шаралар қолданбағаны белгілі болды. Аталған жұмысты жүйелі жүргізудің орнына, жұмыс орнында спирттік ішімдіктерді жиі ішкені анықталды», - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері бойынша департамент өкілі.

Инспекция басшысы жасаған ісіне өкініш білдірді.

Алайда әдеп жөніндегі кеңес мүшелері лауазымды тұлғаны «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсыну туралы шешім қабылдады.


Новости партнеров