Алматыда тағы бір әлеуметтік клубтың тұсауы кесілді. Түрксіб ауданында ашылған орталықта аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары білім алып, әртүрлі шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Жаңадан тұсауы кесілген «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы аз қамтылған, көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар жанұялардың балаларына арналған әлеуметтік орталық. Онда бастауыш мектеп жасындағы 240 оқушы қосымша білім алумен қатар, музыка, шахмат, сурет салу секілді үйірмелерге тегін қатыса алады. Бұл орталықтың басқалардан өзгешелігі – мұнда балаларға зейнет жасындағы 12 аға буын өкілі сабақ береді.
«Мектепте енді нақты өздерінің математика пәні бар. Жаңағы нақты мектептің бағдарламасының пәндері бар ғой. Бұл жерде енді қазір карантинге байланысты қосымша сабақтардың көбісі жоқ. Сол себептен осы жерде енді карантиннен кейін де бұл жоба іске асады. Бірақ қазір нақты ең керек кезі деп есептесек болады», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.
Игі бастаманың ашылуына аудан әкімі, қалалық мәслихат депуттары мен белгілі өнер жұлдыздары қатысып, орталықтың қарқынды жұмыс істеуіне ізгі тілектерін білдірді.
«Бұндай орталықтардың ашылуы болашақта жастар арасындағы қылмыстың және жұмыссыздықтың азаюына әкеледі. Бұл жер жақсылық пен жылулыққа толы. Өскелең ұрпақ пен ересектер арасындағы байланысты нығайту осы орталықтың негізгі қағидасы», – деді қалалық мәслихат депутаты Михаил Грачев.
Жалпы жобаның басты мақсаты – балалардың білім алуы мен шығармашылық дамуын арттыру арқылы үйлесімді процесс қалыптастыру, дейді әлеуметтік клуб жетекшісі. Айтуынша, осындай орталықтар болашақта баланың тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді.
«Зейнет жасындағы үлкен ата-әжелеріміздің өздерінің уақытын кішкентай бүлдіршіндермен өткізеді. Соларға қырық жыл, қырық бес жылдық мұғалім болып келіп, зейнет жасына өткеннен кейін, өзінің барлық жиған тәлім-тәрбиесін сол кішкентай бүлдіршіндерге көрсету үшін, үйрету үшін ашылған үлкен әлеуметтік жоба», – деді «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының директоры Шоқан Болатбеков.
Бүгінгі таңда осындай әлеуметтік клуб қаламыздың 6 ауданында жұмыс істеуде. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта олардың санын арттыруды көздеп отыр.
Нұрқанат Атажан, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы