Түрксіб ауданы тұрғындарына әлі қазылмаған кәріз құбырына ақша төлетіп келген

Түрксіб ауданы тұрғындарына әлі қазылмаған кәріз құбырына ақша төлетіп келген
"Айша бибі" шағынауданындағы 40 үй "Алматы су" мекемесіне не үшін қарыз екендерін де түсінбей дал
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түбіртектегі қарыз. Алматыда "Айша бибі" шағынауданындағы 40 үйдің тұрғындары кәріз құбыры үшін берешек болып қалған. Бірақ олар қызметті пайдаланбадық деп азар да безер. Нәтижесінде тұрғындар «Алматы Су» холдингіне қарызға белшеден батқан. Өз кезегінде, кәсіпорын абоненттерге шот заң аясында жіберілген дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дүйім ел «Айша бибі» шағынауданында кәріз құбырының атымен жоқтығын айтады. Сондықтан, әр үйдің иесі аулада тұндырғы орнатып алған. Оны да халық өз қаражаты есебінен тазалатуға мәжбүр. Ал түбіртекте келген кәріз құбыры үшін қарыз көпті таңғалдырды. Халық алдымен жергілікті әкімдікке барған. Тек одан нәтиже болмапты. Сөздерінше, бастағы базыналарын ешкімнің тыңдағысы жоқ.

«Кәріз құбыры жоқ, бірақ қарызды басымызға іліп жатыр. Суды өзіміз тарттық. Ол баланс жоқ. Мәселен, апат болса, ешкім жасап бермейді. Біздің балансымызда жоқ дегендіктен, өзіміз жасаймыз», - деді Дауренбай МҰСАЕВ есімді тұрғын.

Түйткілдің түйінін тарқату үшін «Алматы Су» мекемесіне бардық. Қаладағы коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай мәселе барлық жекеменшік үйлердің басында бар. Дегенмен, басым бөлігі сұрақты сот арқылы шешкен.

«Жеке үйлердің кәрізге қойған төлемақысы ол бүгін емес, кеше емес - 2009-2015 жылдар аралығында жасалған төлемақы. Ол кезде заңнамаға сәйкес орталықтандырылған кәріз қызметіне қосылса да, қосылмаса да кәріз қызметіне төлеу қажет болатын. Бірақ 2015 жылы әкімшілікпен бірігіп, біздің мекеме заңнамаға өзгерістер енгізді», - деді «Алматы Су» МКК ресми өкілі Серік ШАҒЫРОВ.

Енді жаңа заң жобасына сәйкес кәріз қызметіне тек ғана кәріз құбырына қосылған үйлер ғана төлем жасайды. Ал Айша бибідегі 40 үйдің мәселесін шешу үшін Алматы су мекемесі арнайы жоба әзірлеп, заңнамаға сәйкес қарызды жою үшін әрекет етіп жатыр. Мәселе, 2 айдың көлемінде шешіледі деп уәде берді. Сондықтан, ешқандай төлем жасаудың қажеті жоқ. Тұрғындар болса, үйлеріне кәріз құбырын жалғауды қалайды. Десе де, кем дегенде 5 жыл күтуге тура келеді.

«Ағымдағы жылы қалаға жаңадан қосылған аудандарда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. «Қайрат», «Нұршашқан» және Әлмерек елді-мекенінде су тарту, орталық кәріз жүйесіне қосу жүргізілуде. Себебі, халықта осыған дейін оның бірде бірі болмаған. Мына жақта орталық құбыр алыс емес. Қазіргі таңда жоба сметалық құжаттар жасалып жатыр», - деді Алматы қаласы Түрксіб қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ.

Белгілі болғандай, тұрғындар кәріз құбырынан бөлек, мектепке, емхана мен балабақшаға апаратын төте жолды ашуды сұрайды. Дегенмен, бұл аумақ жекенің иелігенде болғандықтан, әкімдік өкілдері қолдан келер шараның жоқтығын айтты. Сондықтан, халыққа алыс жолмен жүруге тура келеді.

Жадыра Омаржан, Жанат Әйтенова, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров