Ауыл ел бесігі: елімізде қай облыстар бағдарламаны іске асыра алмай жатыр

25.07.2023 21:09

Биыл 218 миллиард 200 миллион теңге бөлінген

elements.envato.com

Қазақстандағы ауылдарды дамытуға бағытталған «Ауыл ел бесігі» бағдарламасын Ұлытау мен Алматы облысы жүзеге асыра алмай жатыр. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған өңірлерде бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған, тендерлер уақытында ойнатылмаған. Осының салдарынан нысандарды тапсыру мерзімі кешеуілдеп жатыр екен.

– Өткен жылы  Ұлытау облысының Атасу, Бидайық, Бостұмсық және Сарысу ауылдарында   медициналық мекемелердің құрылысына қажетті қаражат  толығымен бөлінген болатын. Алайда, құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. СҚО  Мүсірепов атындағы ауданда ұзындығы 53,5 км болатын  жол құрылысы былтыр бітуі керек еді. Бірақ жоспарланған көлемнен небары 26,5 км жол пайдалануға берілген. Демек жоспардың 50% әлі күнге орындалмай отыр, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың есебінше, 2019-2022 жылдар аралығында «Ауыл ел бесігі» бағдарламасына 326 миллиард теңге бөлініп, 3 мың 700-ден көп жоба жүзеге асырылған. Яғни, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 334 нысан, 1 мың 200-ден аса әлеуметтік ғимарат пен 2 мыңнан көп көлік инфрақұрылым нысандары салынып, жөнделген. Ал биыл 771 ауылды елді мекенде 1 мың 800 жобаны іске асыруға 218 миллиард 200 миллион теңге бөлініпті.

– Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 244 жоба, 383 әлеуметтік нысандар, және ауылішілік жолдарды жақсарту бойынша 1 200 жоба іске асырылуда. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы іске асырылған жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,7 есеге ұлғайғанын атап өтуге болады, – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездеседі