Сексеуіл өсімдігі сегіз бәледен сақтайды

12.07.2024 21:09

Ақтаудың іргесінде шаңнан қорғайтын алқап егілді

mangystaumedia.kz

Ақтау қаласының іргесінде бұрын уран көмілген радиациялық қойма болған. Қалдықтары әлі күнге дейін бар. Қойма Ақтау қаласынан небәрі 3 шақырым жерде орналасқан. Улы аумақтың табиғат пен адам денсаулығына тигізер қаупін ойлаған ел осыдан бірнеше жыл бұрын дабыл қағып, мәселеге назар аударуды сұраған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Себебі уытты көлдің жанында Басқұдық, Баянды және Атамекен сияқты үш елдімекен бар. Ондағы халықтың денсаулығына қауіп төніп тұрғандықтан, үкімет тарапынан рекультивациялау жұмыстары қолға алынған. Ал оған дейін қауіпті аумақтан шаң көтерілуін тежейтін, құм көшуіне кедергі болатын сексеуіл өсімдіктері отырғызылған.

- Біз бұл сексеуілдерді баламыздай баптап өсірдік. Егу жұмыстары қиын болды және өсіп кеткенше уайымдадық. Қолға алған жобамыз сәтті болды. Жасыл желек алқабы улы заттардан және зиянды зиянкестерден халықты және елдімекендерді қорғап тұр, - дейді Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының маманы Әкімжан Лұқманов.

Радиациялық көлдің айналысына сексеуіл егу жұмыстары 2021 жылы қолға алынды. Бүгінде ұзындығы - 4 шақырым, ені – 100 метр 40 гектар алқапта 150 мыңдай сексеуіл өсіп тұр. Шөлге төзімді өсімдіктердің биіктігі 1,5-2 метрден асқан.

- Біз 80%-дан астам біз жақсы нәтиже алдық. Негізінде жоба бойынша 60%  нәтиже алатын болсақ, онда жоба сәтті орындалған деп есептеледі, - дейді Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева.

Аталмыш өсімдіктің пайдасы мол. Тамыры көшкен топырақты тежеуге қауқарлы. Өзі де шөл далаға төзімді келеді. Алайда бойлап өсіп кеткенше аса мұқият күтімді қажет етеді. Жергілікті мамандар осыншама аумаққа сексеуілді отырғызу үшін алдын-ала жерді дайындап алған. Жалпы көл айналасына жасыл желек егу жобасы 3 кезеңнен тұрады. Соның екінші кезеңінде мамандар тағы 40 гектар аумаққа өсімдік еккен. Алда тағы осынша жерге отырғызу жоспарда бар. Нәтижесінде «Қошқар ата» радиациялық қоймасының 120 гектар аумағы қамтылмақ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы.  

Оқи отырыңыз: Бақшасы жеміске емес, көкнәрға толы зейнеткер анықталды