|
17.06.2019 | 17:03
8548

Алматы жұртшылығы Мәрзия Тұрлыханованы соңғы сапарға шығарып салды

Он баланың анасы 15 маусым күні 80-ге қараған шағында дүниеден озды

Алматы жұртшылығы Мәрзия Тұрлыханованы соңғы сапарға шығарып салды prosports.kz

Бүгін Алматы жұртшылығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі Мәрзия Тұрлыханованы ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Достық спорт кешенінде өткен марқұммен қоштасу рәсіміне  келген әріптестері мен замандастары, үзеңгілес достары және елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, жалпы жиынға келгендердің санында есеп болмады.  


«Мәрзия Тұрлыханованың ұстаз ретінде елге сіңірген еңбегі орасан зор. Мен өзім ол кісімен көп жылдан бері бірге жұмыс істедім,  талай мәрте бірге қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына барып, жүлделі орындар иемденіп, Білім және ғылым министрлігінің алғыстарына бөленіп қайтып едік. Сол кездер мәңгі жадымда қалады. Марқұмның барша туған-туыстарына көңіл айтамын», – деді Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл МИРАЗОВА.

Мәрзия Тұрлыханова – ілім мен білім жолына бар ғұмырын арнап, адамгершілік пен ізгілік дәнін ұрпақ санасына сепкен аяулы жан. Еңбек жолын алғаш қарапайым математика пәнінің мұғалімі ретінде бастаған ол кейін келе мектеп директорының орынбасары, тіпті мектеп директоры қызметіне дейін жоғарылады. 1994 жылы көпсалалы қазақ гимназиясының басқарды. Артынша «Болашақ» мамандандырылған орта мектебінің бас директоры болды. Жұбайы Болат Тұрлыханов – елімізге танымал палуан, ҚР Еңбек сіңірген бапкері. Дүниеге он бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Ұлдарының бірі – грек-рим күресінен КСРО-ның сегіз дүркін чемпионы, Әлем кубогының екі дүркін иегері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыханов.

«Дүниеден керемет жақсы адам өтті. Мінезінің көркемдігі сонша, тіпті көңіл-күйі түсіп келген адамның өзі апамыздың қасынан көңілі көтеріліп шығатын. Ол кісінің жан жылуы баршаға жетіп артылатын. Сондықтан да болар, қоштасу рәсіміне қаншама адам жиналған. Барлығы да қимастықпен қоштасып жатыр», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә БЕРКІМБАЕВА.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир