Қайырымдылық күні мектеп оқушыларының назарынан да тыс қалмады. Бүгін Алматыдағы Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияның балалары «Қамқор» әлеуметтік үйінің қарттарына барып, мерекелік іс-шара өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған жиында олар қазыналы қарияларды қуанту үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, жырдан шашу шашты.
– Біз өте қуаныштымыз. Әлеуметтік үйде тұрғанымызбен, бізге барлық жағдай қарастырылған. Осылай әр мейрамды кең көлемде атап өтеміз. Балалар жиі келіп тұрады. Осындайда ерекше сергіп қаламыз. Наурыз құтты болсын, – деді «Қамқор» әлеуметтік үйінің тұрғыны Владимир Данечкин.
Мерекелік басқосуда «Алматы әуендері» ұжымы да арнайы бағдарламамен өнер көрсетті. Бүгінде «Қамқор» әлеуметтік үйінде 40-тан аса қарт адам тұрады. Мекеме Наурызнама онкүндігінде 15-ке жуық іс-шара ұйымдастыруды жоспарлаған.
– Қарттарға мейірім керек. Олар күтіп отырады. Ризашылығын білдіріп жатыр, – деді «Қамқор» әлеуметтік үйінің директоры Тұрарбек Мырзакімұлы.
Оқи отырыңыз: Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері: Алматыда II халықаралық ғылыми форум өтті