|
07.09.2024 | 15:51
209

Бурабайда өте сирек кездесетін саңырауқұлақ түрі табылды

Өсімдік бірнеше елдің Қызыл кітабына енген

Бурабайда өте сирек кездесетін саңырауқұлақ түрі табылды Фото: «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде саңырауқұлақтың сирек кездесетін түрін тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ұлттық парк баспасөз қызметінің мәліметінше, табылған саңырауқұлақтардың арасында құбылмалы пецица (Peziza varia), күзгі желі (Gyromitra infula), ақ саңырауқұлақ (Hygrocybe conica), рамария (Ramaria eumorpha), ойық саңырауқұлақ (craterellus cornucopioides), қозықұйрық (lepiota magnispora), ағашқұлақ (phaeolus Schweinitzii) тәрізді бірегей түрлері бар. Ал ішіндегі олжасы - ол торлы саңырауқұлақ (Clavariadelphus sp.). Бұл сирек кездесетін өсімдіктің үстіңгі жағы жіңішке таяқша тәрізді, түсі әдетте ашық сары немесе сарғылт, кейде тіпті қызыл. Ең басты ерекшелігі – 3-5 жылда бір рет қана өсіп шығады. Қазіргі таңда Clavariadelphus sp. бірнеше елдің Қызыл кітабына енген.

«Алдын ала Clavariadelphus sp. ретінде деп айқындалған саңырауқұлақтың табылғаны ерекше назар аударуға тұрарлық жайт. Ол алдағы уақытта Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілуі мүмкін. Бұл жаңалық Ұлттық саябақтың өсімдік әлемінің алуандығын көрсетеді. Соның ішінде саңырауқұлақтар тобын одан әрі зерттеп, қорғау қажет екендігіне көз жеткізіп отырмыз», – деп түсіндірді Ұлттық парктің аға ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Евгений Архипов.

Осы ретте, «Бурабай» МҰТП қызметкерлері ұлттық парктің микологиялық тізілімін жасауды қолға алған. Онда саябақ аумағында өсетін саңырауқұлақтардың барлық түрі қамтылатын болады.

«Бес жыл ішінде «Бурабай» МҰТП Ақпарат және экологиялық мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкерлері алғаш рет ұлттық парк аумағында өсетін саңырауқұлақтардың барлық түрлерін қамтитын микологиялық тізілім жасайды. Бұл экожүйені терең зерттеуде және біздің аймақтың биологиялық алуандығын қорғауды қамтамасыз етуде маңызды қадам болады. Микология (саңырауқұлақтар туралы ғылым) экожүйедегі процестерді түсінуде ерекше рөл атқарады, себебі саңырауқұлақтар органикалық заттардың ыдырауы мен топырақтың құнарын сақтауда үлкен рөл ойнайды», - деп қосты Евгений Архипов.

Ғалымдардың айтуынша, саябақ аумағында жүргізілген зерттеулер экожүйе туралы жиналған деректерді молайтып қана қоймай, табиғатты қорғаудың тиімді шараларын қолға алуға ықпал етеді.

«Саңырауқұлақтар қоректік заттар айналымына және ағаштардың саулығына ерекше әсер етеді. Яғни, оны зерттеу Ұлттық парктің табиғатын сақтау үшін өте маңызды», - дейді «Бурабай» МҰТП ботанигі Юлия Боссерт.

Оқи отырыңыз: Әлем аруы байқауына Моңғолияның атынан қойшының қызы қатысады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир