Абай күні: Алматыда Абай туралы фильмдер ашық аспан астында көрсетілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Көрсетілім үшін 1945 және 1995 жылдары түсірілген екі көркем фильм алынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда "Абай күні" ашық аспан астындағы кинокөрсетіліммен жалғасты. Ұлы ақын туралы көркем фильмдер қай жылдары түсірілген? Ерекше форматта өткен шара карантин талаптарына сай ма? Кешқұрымдағы көрсетілген кинокартиналарды Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай да көріп қайтты.

Дәл қазір Атакентте қазақтың ұлы ойшылы туралы түсірілген екі кинокартинаның көрсетілімі өтуде. Игі шара карантин талаптарын бұзбау үшін барынша тапқырлықпен ойлап табылған. Себебі көркем фильмдерді автомобилі бар көрермендер ашық аспан астында тамашалай алады.

Көрсетілім үшін 1945 және 1995 жылдары түсірілген екі көркем фильм алынды. «Абай әндері» кинокартинасының сценариін Мұхтар Әуезовтың өзі жазған екен. Композиторы Латиф Хамиди. Ал, екінші «Абай» фильмінде ақынның жастық шағы баяндалады. Өмірбаяндық картиналардың көрсетілімі Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бастамасымен қолға алынып отыр.

«Келушілер көліктегі радио арқылы белгілі бір толқынға қосылады. Бұл фильмнің дыбысы әр автомобильде шығып тұрады деген сөз. Осылайша көремендер өзгелерге кедергі келтірмейді. Дыбыстың деңгейін көлік иелерінің өздері игеріп отыра алады», – деді мердігерлік ұйымның басшысы Виктория Торгунакова.

Кинокөрсетілім барлық карантин талаптарына сай. Көліктер өзара едәуір арақашықта қойылған. Билетті алдын-ала сайттан сатып алу қажет. Ал сусындар үшін арнайы онлайн кинобар қарастырылған. Ұмыт болған ескі форматты қайта жаңғыртқан ұйымдастырушыларға көрермендер қауымы дән риза.

БЛИЦ-1: «Абай әндері» киносын көргім келіп жүрді, бірақ бұрын көрмегенмін. Өте қуаныштымын. Достарымды жинап, бірге келдік.

БЛИЦ-2: Пандемия кезінде уақытты өткізу өте қиын. Бірақ таза ауада мынандай кинотеатрды ұйымдастыру бір пайдалы іс сияқты. Қанша дегенмен таза ауада отырасыз, үйден шығасыз.

БЛИЦ-3: Абай туралы білу керек және де осы жобаның бір жақсысы адамдардың арасында арақашықтық бар.  

Алаңда осы уақытқа дейін қазақ кинематографиясының үздіктері көрсетіліп келген. Ұйымдастырушылар келесі ерекше форматтағы кинотеарды елордадан ашуға ниетті.  

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров