Қоғам қайраткері, бизнесмен және «Global Procurement Company» компаниясының негізін қалаушы Олжас Сүлейменов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі Жолдауында біраз маңызды мәселелер айтылды. Мені қуантқаны, Президентіміз жүз мыңнан астам жаңа IT-мамандарын даярлауды тапсырды. Ол дегеніміз, әсіресе, бүгінгідей індет белең алып тұрған тұста еліміздің білім саласына және т.б. салалардың дамуына зор септігін тигізбек. Себебі қазіргідей бәрі онлайн жүріп жатқан уақытта IT-мамандар тапшылығы айқын сезіліп отыр», – деді Олжас Сүлейменов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар ерекше назар аударуды қажет етететін бағыттардың бірі болып отыр. Президенттің осы мәселе жөнінде сөз қозғағаны қуантарлық жағдай.
«Екіншіден, Мемлекет басшысы оқытушыларды даярлау үшін мемлекеттік бюджеттен 1,2 трлн теңге бөлінетінін атап өтті. Бұл біздің білім саласының дамуына үлкен үлес қосып, оқытушыларымызға үлкен қолдау болары анық», – дейді ол.