Отбасы күні: Ширхановтар әулетінде бесінші ұрпақ сағат жөндеуді қолға алды

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл елімізде айтуылы мереке 8 қыркүйекке сәйкес келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізде отбасы күні 8 қыркүйекке сәйкес келеді. Мемлекет басшысының Жарлығымен мереке жыл сайын айдың екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Бұл күнді ерекше күтетіндер қатарында ата кәсіпті нәсіп еткен Ширхановтар әулеті бар. Сағат жөндеуді мұра қылып алған әулет ұзақ жылдан бері осы істі дөңгелетіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ділмұрат Мираевтың 40 жыл бойы сағат жөндеп келеді. Ол – бұл кәсіпті қолға алған әулеттегі төртінші ұрпақ. Адал еңбекпен нан тауып отырған шебер сағат жөндеуді 15 жасында ата-анасынан үйренген.

Айта кетейік, отбасы кәсіпті атадан балаға үздіксіз табыстап отырған жанұялардың бірі ретінде қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына енген.

– Әке-шешем сағат жөндеуші. Бұл  шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Оның өте ұсақ бөлшектерін мұқият құрастыру қажет, – деді сағат жөндеу шебері Ділмұрат Мираев.

Ділмұрат Мираевтың анасы Мавлюда Ширханова да – қала тұрғындары арасында танымал шебер. 50 жылдан аса сағат жөндеумен айналысып, бүгінде зейнетке шыққан. Ұста адал еңбегі үшін көп марапатқа ие болған. Ал әкесі Абдурашит Ширханов Леонид Брежнев, Дінмұхаммед Қонаев сынды ел танитын саясаткерлердің сағатын жөндеген.

– Әкемнің 10 баласы болған. Бәрімізді демалыста сағат жөндеуге апаратын. Он баланың ішінде інім –шебер, сіңілім – фельдшер, қалғандары сағат жөндейді, – деді сағат жөндеу шебері Мавлюда Ширханова.

Ділмұрат шебер кәсібін 15 жастағы ұлы Елмұратқа үйретуді қолға алған. Ол – бұл істі жалғастырушы  бесінші ұрпақ. Шебердің айтуынша, үйренгісі келетіндер көп болғанымен, меңгеріп кететіндер жоқтың қасы.

– Жастар тез ақша табу үйренгісі келеді. Бірақ сағаттың бауын ауыстыру оңай болғанымен, ішкі механизмін жинау қиын. Әуелі хириург, шебер, сосын сағат жөндеуші болуға тура келеді, – деді сағат жөндеу шебері Ділмұрат Мираев

Бір сағатты жөндеуге кейде 2 сағат керек болса, кейде 1 апта кететін көрінеді. Шеберлер отбасы атадан балаға мұра болған істі кейінгі ұрпақ та жалғайды деп сенеді.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған қандай іс-шара өтеді

Новости партнеров