Қаңтардағы тәртіпсіздіктер: 160 адам бас бостандығынан айырылды

freepik
freepik
Олардың көбі ұрлық жасағандар, қару-жарақ ұрлағандар мен тәртіпсіздікке қатысқандар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке байланысты 160 адам бас бостандығынан айырылды. Бас прокуратураның ақпарынша, осы күнге дейін 1 мың 249 адам сотталыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың көбі ұрлық жасағандар, қару-жарақ ұрлағандар мен тәртіпсіздікке қатысқандар. Алайда бұл сотталушыларға жеңіл жаза тағайындалыпты. Сонымен қатар, Бас Прокуратура шетелге шығарылған миллиардтарды қайтардық дейді.

Бас Прокуратураның ақпарына сай, Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу аяқталып келеді. Қазір азаптау дерегі бойынша 327 қылмыстық іс тергеліп жатыр екен. Оның ішінде 31 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал мың жарымға жуық адам амнистияға іліккен.

«Қазіргі уақытта 991 азаматтың жаза мерзімі азайтылды. 94 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Тәртіпсізідікті ұйымдастырған адамдар, азаптау, экстремизм, мемлекетке опасыздық жасағандар амнистияға жатпайды», – деді ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев.

Журналистерге арнайы ұйымдастырылған брифингте прокурорлар жол құрылысы саласында 43,4 миллиард теңге жымқырылғанын анықтадық деді. Сапарбек Нұрпейісовтың айтуынша, құзырлы орган сегіз жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жұмсалған 600 миллион теңгенің тиімсіз пайдаланылғанын, 70 жалған анықтаманы, 10 стандартқа сәйкес келмеу дерегін анықтаған екен.

«Бүгінде 43,4 миллиард теңгені жымқыру деректерін анықтадық. Олар қылмыстық істер бойынша тергеліп жатыр. Жолдарға қатысты барлығы 28 қылмыстық іс тіркелген. Олардың барлығы бақылауда. Процесс енді ғана басталды, сол себепті қорытынды шығару ерте деп есептеймін», – деді ҚР Бас Прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов.

Бұл ел ішінде жымқырылып, қазынаға қайтарылған қаражаттар ғой. Бас прокуратура заңсыз жолмен шетел асқан ақшаларды да елге жеткіздік дейді. Мәселен, осы жылдың 6 айында 631 миллиард теңге қайтарылған екен. Оның ішінде асыл тастар мен металдар бар.

«421 миллиард теңге қылмыстық істер бойынша келтірілген залалды өтеу түрінде қайтарылды. Оның 314 миллиард теңгесі ақшалай, 107 миллиард теңгесі асыл тастар мен металдар түрінде өтелді. Қалған сома монополиясыздандыру жұмыстары барысында өтеледі», – деді  ҚР Бас Прокуратурасының халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы Артур Ластаев.

Сонымен қатар, Бас Прокуратура елдегі жылу электр орталықтарын да тексермекші екен. Алайда барлығын емес. Қазір Риддер мен Екібастұздағы нысандарға тексеру жүріп жатыр.

Айтпақшы, «Арқанкерген» шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен сотталған Владислав Челах оқиғаның мән-жайын айтамын деп өтініш қалдырған болатын жақында. Оның өтінішін де Бас Прокуратура қараймыз деді. Қажет болса, Челахтың өзінен жауап алынатынын айтты.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров