Петропавл - Жезқазған тас жолында КамАЗ жүргізушісін тонаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
19 сәуірде Арқалық қаласындағы полиция басқармасының кезекші бөліміне 30 жастағы КамАЗ жүргізушісінен арыз түскен. Оның айтуынша, Жарқайың ауданы арқылы өтетін Петропавл - Жезқазған тас жолында бейтаныс азаматтар тоқтатып, тонап кетіпті.
Полицияның мәліметіне сәйкес, күдіктілер жүргізушінің көзін байлап тастаған. Зардап шегуші бірнеше сағат бойы күдіктілермен бір көлікте отырады, тонаушылар машинаны белгісіз бағытта айдаған көрінеді.
Тергеу барысында анылтақғандай, күдіктілер жүк көлігіне тиелген 25 тонна бидайды ұрламақшы болыпты. Көліктің дөңгелегі жарылып, жолда қалып қояды. Ақыры жүргізушіні жіберуге мәжбүр болған.
Содан кейін 30 жастағы көлік иесі Арқалық қаласына барып, полицияға арызданған екен. Ақшасы мен ұялы телефонын тонаушылар ұрлап кетіпті.
Шұғыл іздестіру барысында Қостанай қаласының 25 және 27 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.