Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елімізде картоп пен қант неге қымбаттағанын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айтуынша, қаңтар айынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбаттауы барлық өңірде байқалады. Десе де ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылған.
«Жылдың басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4%-ке өсті. Негізгі өсім қарақұмық жармасы мен қант, сәбіз бен картоп көрсетті. Басты себебі – егістік аумағының қысқаруы және маусымаралық тапшылық», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Министр, сондай-ақ көктем мен жаз айларында бағаны тұрақтандыру шараларын тілге тиек етті. Мәселен, Сауда және интеграция, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен төтенше жағдай режимі кезеңінде 9 әлеуметтік маңызы бар тауарға шекті бағалар белгіленген екен.
«Министрлік әкімдіктерге ішкі сауда субъектілерінің шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін сақтауға бақылау жүргізу бойынша ұсыныстар жіберді. Аталған ұсыныстарды орындау үшін әкімдіктер мен министрліктің аумақтық бөлімшелері тұрақты негізде мониторинг жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 180 әкімшілік айыппұл салынды», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.