Түркістан облысында биыл 75 мың тұрғын от жағып, күл шығару машақатынан құтылды. Табиғи газбен қамту көрсеткіші бойынша облыс республика көлемінде бірінші орынға шығып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Былтыр өңірдегі 45 елді мекенге газ тартылған. Ал биыл 54 нысанның құрылысы аяқталып, 47 ауыл көгілдір отынға қол жеткізген.
– Көгілдір отын келгелі жақсы болды. Рахат, күл шығармаймыз, от жақпаймыз. Жылы, үйдің іші тап-таза, – деді Ордабасы ауданының тұрғыны Оразкүл Арыстанбайқызы.
Мамандардың сөзінше, жыл соңына дейін табиғи газ тартылған ауыл саны 557-ге жетпек. Осының арқасында халқы тығыз орналасқан өңірдің 85 пайызы от жағудың әбігерінен құтылады. Әзірге аудандар арасында тек Созақта мәселе шешілмей тұр. Дегенмен жауаптылар 2027 жылдың соңына дейін Түркістан облысын 100 пайыз көгілдір отынмен қамтимыз деп уәде берді.
– Газдандыру деңгейі 100 пайызға жетіп отырған аудандар бар. Түркістан қаласы ,Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандары толықтай газбен қамтамасыз етілген. Облыс басшысының тапсырмасы бойынша алдағы уақытта шалғай жатқан ауылдарды газдандыруға баса назар аударып жатырмыз. Бөлінген қаражаттың елеулі бөлігін сол аудандарға бөліп отырмыз, – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық құрылыс басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.
Оқи отырыңыз: Мегаполисте буллингпен күресуге қандай бағдарламалар бар