Жанұялық жылулық пен адамгершілік құндылықты дәріптейтін «Мерейлі отбасы» жобасына өтінім қабылдау аяқталды. 15 мамырда басталған ұлттық байқауға Алматы шаһарынан 142 отбасы өтінім берген. Бүгінде үздіктері іріктеліп, әр ауданнан 3 отбасының құжаттары қалалық комиссияға жолданған. Ал, қыркүйек айында қатысушылар республикалық додада бақ сынайтын болады, деп хабарлайды almaty.tv тілшісі.
Жанұядағы жарасымдылықты насихаттаған Қожахметовтар әулеті биыл «Мерейлі отбасы» жобасына қатысуды ұйғарған. Өтінімі іріктеуден өтіп, Бостандық ауданындағы үздік 3 отбасының қатарына ілігіпті. Отағасы мұндай бастама қоғамға адамгершілік құндылық пен неке негізін насихаттаудан бөлек, балаларына берер тәлім-тағылымы көп екеніне қуанады.
«Жоба маған қатты ұнады. Өйткені бұл жоба арқылы балаларымызға жақсы тәрбие көрсете аламыз деп ойлаймын. Спорт десе, спорт жағынан, музыка десе, музыка жағынан осы жобада баларымызға жақсы дүние үйрете аламыз. Жұбайымыз екеуіміз осының бәріне күш салып жатырмыз. Біздің қазақ отбасы осы жобаны көріп, балаларына көп нәрсе үйретіп, дұрыс тәрбие берсе керемет болады деп ойлаймын», ‒ деді отағасы Жомарт Қожахметов.
4 баланы өсіріп отырған отбасы шығармашылыққа жақын және талантты екендерін айтады. Бір баласы спортпен шұғылданса, бірі қобыз тартып, басқасы жүзуге қатысады. Отағасы мен жұбайы да түрлі өнердің қыр-сырын меңгерген. Додада «жүзден жүйрік» боларына сенімді. Қожахметовтар әулеті бұл жобаның жас жанұяларға берері көп дейді.
«Негізгі құндылықтардың бірі ‒ біз үшін отбасы. Көп адамдар отбасын бірінші орынға қоя бермейтінін көріп жүрміз. Жете түсінбейтіндіктен, әлде қадірін білмейтіндіктен, солай шығар. Сондықтан біз осындай отбасылар үшін, қоғам үшін үлгі болу мақсатында ынтымақ, бірлік деген ұғымдарды жаңғыртып, қоғамға пайдалы болайық деген мақсатпен осы жобаға қатысып отырмыз», ‒ деді отанасы Әйгерім Қожахметова.
Ұлттық байқау биыл алтыншы рет ұйымдастырылуда. Өтінімдерді қабылдау 15 мамырда басталып, 15 маусымда аяқталған. Барлығы шаһардан 142 отбасы қатысуға ниет білдіріпті. Ал, аудандық комиссияның отырысында әр ауданнан 3 отбасы іріктелген. Қазір құжаттарды қарап жатқан қалалық комиссия марапаттау рәсімін 20 шілдеге дейін өткізуді жоспарлап отыр. Кейін қыркүйек айында өтетін республикалық додада шаһардан ең үздік деп танылған 1 ғана отбасы бағын сынайтын болады.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы