Игі шара бастамашыл кәсіпкерлер мен қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мұрындық болуымен жүзеге асқан. Бүгін 60-қа жуық бала арнайы дайындалған сыйды иеленіп, көңілдері бір марқайып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараға балалардың ата-аналары да шақырылған. Себебі олардың көбі мүмкіндігі шектеулі жандар. Ұйымдастырушы бұл үрдісті дәстүрге айналдырып, жеткіншектердің ата-аналарын да жұмыспен қамту жағын ойластырып жатқандарын жеткізді.
«Бүгінгі шарада есту қабілетінен айырылған балаларға жаңа жылдық сыйлықтарымызды таратып мектеп алдында қуантып алайық деген шешім қабылдап осында келіп отырмыз. Тек балаларға ғана емес ата-аналарына да тегін оқыту көмегін ұйымдастыра отырсақ деген ниетіміз бар», – деді компания директоры Динара БЕРДАЛЫ.
«Бүгін кәсіпкерлердің бастамасымен ерекше балаларға арналған қайырымдылық шара өтіп жатыр. Мұндай науқандар былтырдан бері қолға алынып келеді. Осыған дейін 6000-ға жуық адамға қолдау көрсеттік. Нақтырақ айтсақ, спорт кешендеріне арналған абонементтер, театр мен концерттерге билеттер ұсынған болатынбыз», – деді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы бөлімінің бас маманы Ұлан МЫРЗАБЕКОВ.