Елімізде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі алғаш рет онлайн өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жәрмеңкеге 18 бен 35 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Іс-шара 27-29 маусым күндері электронды еңбек биржасы арқылы жүргізіледі. Ол үшін enbek.kz порталында тіркеуден өту керек. Сайттың басты бетіндегі жәрмеңке баннерін басып, қатысу ережелерімен және бағдарламамен танысуға болады. Айта кетсек, жәрмеңкеде 800-ден астам бос жұмыс орны ұсынылмақ.
«Қазақстанның жетекші жұмыс берушілері жәрмеңке барысында онлайн өзін-өзі таныстыру өткізіп, қолда бар әлеуметтік топтамалары жайлы таныстырулар өткізеді. Қызығушылық танытқан азаматтармен бейне сұхбат жасайды. Бұл жәрмеңке қазақстандық жұмыс берушілерге де, тұрақты, сенімді жұмыс іздегендерге де пайдалы деп сенеміз», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департаменті директорының орынбасары Жанболат Данияров.